Депутаттың әйеліне тиесілі. Бұқтырмада көпір салған компания кірісі 12 есеге артқан

1278
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Jz5a4dHZZDfD1lFxK4gIhfAzr4ba1aSwSZ8nFtH3.jpg

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын жүргізген «ОблШығысЖол» компаниясының қанша теңге пайда тапқаны жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Курсивке сілтеп.

БАҚ-тараған мәліметте компанияның 2024 жылы 2,7 миллиард теңге таза пайда тапқаны көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 220 миллион теңгемен салыстырғанда 12 еседен астам өскен.

«ОблШығысЖол» Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Компанияның жалғыз иесі — «Элхон» ЖШС, оның құрылтайшылары Жанболат Қазанов пен Сәуле Тұмашинова. Ол — Мәжіліс депутаты Лүкбек Тұмашиновтың жұбайы.

2025 жылдың тамыз айында компания басшысы Жанболат Қазанов көлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Барыс» ІІ дәрежелі орденімен марапатталған.

Қаржылық есепке сәйкес, компанияның жалпы табысы 2024 жылы 32,2 миллиард теңгеге жеткен (2023 жылы — 20 миллиард теңге).

Айта кетейік, 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жобасын қолға алуды тапсырған еді.

Сол уақытқа дейін өңірдің жеті ауданының (Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай) тұрғындары жаз айларында ескі паром қызметін пайдаланса, қыс кезінде мұз үстімен жүруге мәжбүр болған.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, мұздың опырылуы салдарынан соңғы ондаған жылда шамамен 300 адам көз жұмған.

2020 жылдың ақпанында облыстық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов көпір құрылысының ресми түрде басталғанын мәлімдеген.
Жобаның бастапқы құны 30,2 миллиард теңге болып бекітіліп, оның 90 пайызы республикалық, 10 пайызы облыстық бюджеттен бөлінген. Кейін бұл сома 61 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.

2024 жылдың қазан айында «ОблШығысЖол» компаниясы ұзындығы 1316 метр, ені 13 метр болатын екі жолақты көпірді пайдалануға берді.

Comments