Алматы қаласының арнайы прокурорлары есірткі заттарының аса ірі көлемдегі контрабандасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы қалалық прокуратура жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам АҚШ-тан Алматыға марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталған.
Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде «Жетісу» кеден бекетінде салмағы 43 кг құрайтын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленген. Олар іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылды.
«Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені, сондай-ақ сот сараптамаларының нәтижелері, айыпталушылардың құқыққа қарсы қызметін растады. 20 күдікті, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталды»,—делінген хабарламада.
Іс бойынша айыпталушыларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны, сондай-ақ лауазымдық қылмыстары үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша айып тағылды.
Заңсыз қызметтен алынған табысты күдіктілер жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және автокөлік құралдарын сатып алу жолымен заңдастырған. Соттың санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды.
Department of Almaty city regularly holds receptions of citizens to increase legal literacy of consumers