Бала бақшадан кейін. Ресей енді балалар ауруханасына шабуыл жасады

1736
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kXVqUgKqBeHXL8MXCrpTqggJB2gMEbJNJftc8yYM.jpg

Бүгін, 29 қазанда Ресей әскерилері Украинаның Херсон қаласындағы балалар ауруханасына оқ атты. Бұл туралы облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Александр Прокудин мен қалалық әскери әкімшіліктің жетекшісі Ярослав Шанько айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шабуыл салдарынан тоғыз адам жарақат алған.

«Ресей Херсондағы балалар ауруханасына артиллериялық соққы жасады. Сол уақытта мекемеде кішкентай балалар, олардың ата-аналары және медицина қызметкерлері болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан тоғыз адам жарақат алған, олардың төртеуі — бала, үшеуі — медицина қызметкерлері», — делінген хабарламада.

Соққы салдарынан аурухана ғимараты қатты бүлініп, көрші нысандар да зақымданған.

Ресей Украинаға басқыншылығы барысында балалар мекемесін атқылауды тоқтатпай отыр. Бұдан алдын 22 қазан күні Ресей әскері Украинаның Харьков қаласында  жеке балабақшаны дрон нысанасына алып, балалар жараланып, өрт шыққан. Украина басшысы Владимир Зеленский сол кезде «Балабақшаға дронмен соққы жасау әрекетін ақтауға ешқандай себеп жоқ және болмайды. Бұл — бейбіт шешімді талап ететін жандарға жасалған қорлық. Бұзақылар мен террористерді тек күшпен ғана орнына келтіруге болады», - деген

Comments