Ойлы актер

468
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aaU9Smt9zuKjg7z0awVAWNK6lPKjKk8oSH2rjkPK.jpg

Оның болмысы ерекше. Көлгірсу, жағымпазданып жүру я болмаса өзін өмірде ерекшеленіп көрсетуден аулақ.

Бірақ мамандығын жаны сүйеді. Сахнадағы және кинодағы рөлдеріне тыңғылықпен қарайды. Мен оқырман қауымға Астана музыкалық жас көрермендер театрының актері Мұхамедсаид Бағашаров туралы айтпақпын. Жоғарыдағы мінездеме аталмыш жанға арналады.

Мұхамедсаид — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тумасы. Жастайынан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларын жаттап өсті. Колледжді аяқтағаннан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «музыкалық театр актері» мамандығына оқуға түседі. 3-курстан бастап Мұхамедсаидтің өмірі Астана қаласында өтеді. Жаңадан құрылып жатқан Музыкалық жас көрермен театрына актер болып қабылданады. Жас шаңырақтың алғашқы қадамдарына куә болып, театрдың барлық ісіне белсене араласады. Тіпті театрда түнеген кездері де болған

2020 жылдың 14 желтоқсанында «Абай – Тоғжан» шығармасымен Музыкалық жас көрермендер театры өздерінің алғашқы шымылдығын ашады. Аталған туындыда Мұхамедсаид Құнанбайдың серігін, кеңесшісін кейіптейді. Бұл театрдағы тұңғыш қадамы еді.

Мұхамедсаид — әр кейіпкерінің тетігін табатын актер. Аталған сөзімізге М.Омарованың «Шәмші» музыкалық драмасындағы Мұқағали Мақатаев бейнесі дәлел. Театр сахнасында Мұқағали Мақатаев бейнесі — қазақ поэзиясының асқақ рухын, ақынның ішкі жан арпалысын, тағдырлық қайшылығын, халқына деген махаббатын тереңнен танытатын күрделі әрі әсерлі көркем образ.

Көптеген драмалық қойылымдарда Мұқағали өмірінің соңғы кезеңі, жалғыздық, қоғаммен үйлесе алмай, өз шындығын айта алмай күйзелген сәттері көрініс табады. Ал Мұхамедсаид нұсқалауындағы ақын бейнесі — серілігі мен тектілігі қатар жүретін өнер иесі. Яғни, өмірі мұң мен арпалысқа толы ақын емес, керісінше Мұхамедсаид шеберлігіне қарап нағыз өнер адамын көреміз. Мұхамедсаид Мұқағали ойынына қарай отырып, серілігіне, кейіпкерге жан бітіруіне сүйсінесің. Мұхамедсаид сомдаған Мұқағали бейнесі — поэзия мен өмірдің, шындық пен арманның, мұң мен махаббаттың тоғысқан көрінісі.

Мұқағали — сыртқы әрекеттен гөрі ішкі сезім әлемі бай, ойы мен рухы биік тұлға. Ол сахнада тек ақын емес, ұлт рухының символы ретінде өмір сүреді.

Мұхамедсаид — ойлы актер. Әр бейнесі өзіндік мінезге, өзгешелікке толы. Мұхамедсаид тек қана трагедия, драма ғана емес, сондай-ақ комедия жанрында түрлендіретін маман. Сөзімізге Д.Исабековтің «Гаухартас» музыкалық драмасындағы Сексенғали образы дәлел. Сексенғали — Мұхамедсаидтің өзі ойлап тапқан кейіпкері. Сексенғалиға қарап кез келген той-томалақты көтеріп, қыздырып жіберетін туысқан, ауылдас ағаларымыз елестейтіні сөзсіз. Мұхамедсаид Сексенғали арқылы келуші көрерменге тек қана күлкі сыйлап қана қоймай, олармен байланыс орнатады. Сол арқылы образына жан бітіреді.

ҚР халық артисі, қазақ өнерінің Төлегені Құман Тастанбеков «Рөл — бұл өмірдің бір бөлшегі. Оны сезінбей, сендіре алмайсың», - дейді. Мұхамедсаид осыны жете ұғынып, әр кейіпкерін өмірдің бір бөлігі деп қарастырып, ел алдына шығарады.

Мұхамедсаид көгілдір экран арқылы көптеген телехикаялар мен фильмдерден жақсы таныс. Бірақ, солардың ішінде өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тауып, тебіренткен — «Тамаша» хикаясындағы Қайсар еді. Қайсар — Мұхамедсаид телехикаяның қозғаушы күші. Сол арқылы оқиғалар өрбіп, өзара байланысады. Қайсар — Мұхамедсаид екі жақты ойлаған, оған іштей күйзелген, күйзеле тұрып «Тамаша» отауы үшін тәуекелге бел буған кейіпкер. Мұхамедсаид осылайша өз рөлі арқылы талай жанға ой салды.

Қазақ театр өнерінің алып бәйтерегі Серке Қожамқұлов «Әртіс сахнаға шыққанға дейін ақ тер, көк тер болып жұмыс істеп, шаршап-шалдығады. Ал сахнада соның рахатын көреді. Сондықтан да, шырағым, шаршап-шалдыққаныңа қарамай, жалықпай еңбек етсең, халықтың құрметіне бөленесің. Нағыз бақытыңды сонда табасың», - дейді.

Мұхамедсаид сахна алаңына шығу үшін жалықпай еңбек етіп, маңдай терін аямайтын жан. Бәлкім, осыдан-ақ оның актерлік жолының ізгілігі көрініп жатқандай.

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы

 

Comments
Other materials