Әзербайжан, Түркия және Грузия 11 қарашада Грузия аумағында Түркия әскери-әуе күштеріне тиесілі C-130 әскери көлік ұшағының апатын тергеу үшін бірлескен халықаралық топ құрды. Бұл туралы Грузияның Бірінші қоғамдық телеарнасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Елдің ішкі істер министрі Гела Геладзе іздестіру-құтқару жұмыстары Түркия тарапымен тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта 18 адамның мәйіті табылды, тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. Біз халықаралық іздестіру-құтқару тобын құрдық және Түркия ІІМ-мен тұрақты байланыстамыз. Түркиялық әріптестеріміз операцияға қосылып, іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізуде. Бұл әскери ұшақ болғандықтан, егжей-тегжейлі ақпаратты Түркия тарапымен бірге жариялаймыз», – деді министр.
News Georgia агенттігінің хабарлауынша, ұшақта F-16 жойғыштарына арналған механикалық бөлшектер болған, ал бортта 20 техникалық қызмет көрсету маманы отырған.
Әзербайжанның APA агенттігі нақтылағандай, апатқа ұшыраған C-130 ұшағында 8 қарашада Бакудегі әскери парадқа қатысқан F-16 Fighting Falcon ұшақтарына техникалық қызмет көрсеткен мамандар болған.
Сонымен қатар Түркия апат орнын зерттеу үшін Грузияға Akinci ұшқышсыз ұшу аппаратын жіберген. Дәл осындай дрон 2024 жылы Иран президентінің тікұшағы құлаған кезде іздеу операцияларында да қолданылған еді.
БАҚ мәліметінше, апатқа ұшыраған ұшақ ұзақ жылдар бойы пайдаланылған, ол соңғы рет күрделі жөндеуден 2020 жылы өткен.
Еске салайық, 11 қарашада Әзербайжаннан Түркияға бағыт алған C-130 әскери ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшыраған. Түркияның қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бортта болған 20 түрік әскери қызметшісінің ешқайсысы тірі қалмаған.
ASKHAT KASENGALY: Almaty's executive committee should be relocated to another district, the current aura is very heavy