Қазақстан – Авраам келісімдеріне қосылған алғашқы түркі мемлекеті. Аймақтың геосаяси құрылымы өзгереді

485
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BHyF6iIJhDgBTpyNj0jJtcxZ71AEDWRodNZZFYjQ.png

Қазақстан ресми түрде Авраам келісімдеріне қосылды. Бұл бастама АҚШ, Израиль және ислам әлемінің елдерін байланыстырады. Бұл шешімнің мәні тек дипломатиялық шеңбермен шектелмейді: ол Астананың өңірлік көшбасшы, технологиялық ынтымақтастықты дамтушы және халықаралық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырудағы маңызды қатысушы екенін айқындайды.

Осы тақырып жайлы Әзербайжандық саясаттанушы, STEM аналитикалық орталығының құрылтайшысы Орхан Йолчуев өз пікірін білдіріп, Қазақстанның келісімге қосылуының маңызы мен артықшылықтарын түсіндірді.
 
Орхан мырза, әңгімемізді басынан бастайық. Авраам келісімдері дегеніміз не және олар Қазақстан үшін нені білдіреді?
 
– Авраам келісімдері – жай ғана дипломатиялық бастама емес. Оның екі мағынасы бар: саяси және тарихи. Саяси тұрғыдан алғанда, келісімдер Қазақстанға АҚШ және Израильмен қауіпсіздік пен технология саласында терең ынтымақстастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – технологиялық серпіліске бастайтын бағыт. Тарихи тұрғыдан «Авраам келісімдері» атауы діни мазмұнға ие, яғни Құдай мен Авраам арасындағы келісімге негізделеді. Қазіргі саяси тұрғыда бұл екі тараптың одағын білдіреді. Сондықтан, бұрын Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыс жылы әрі серіктестік сипатта болса, енді Қазақстан іс жүзінде Израильдің одақтасына айналды.
 
Сіздің ойыңызша, Қазақстан неліктен дәл қазір осы келісімдерге қосылу туралы шешім қабылдады?
 
– Қазақстан көптеген жылдар бойы бейбітшілік бастамаларын жүзеге асырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған тұрақты саясат жүргізіп келе жатқан мемлекет ретінде белгілі. Бұл бағыт әлемдік саясаттың жетекші субъектілері тарапынан жоғары бағаланады. Ал АҚШ өз кезегінде Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтірген ислам елдерінің шеңберін кеңейтуге мүдделі. Президент Дональд Трамптың екінші мерзіміндегі басты стратегиялық басымдығы да осы үдерісті дамыту. Астана үшін Авраам келісімдеріне қосылу – Вашингтон мен Тель-Авив арасындағы ерекше байланыс жүйесі арқылы ұлттық мүдделерін алға жылжытудың мүмкіндігі.
 
Бұл шешім Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатымен қалай үйлеседі?
 
– Толық үйлеседі. Соңғы жылдары Қазақстан Таяу Шығыста белсенді саясат жүргізіп келеді: жетекші араб елдерімен экономикалық және саяси байланыстарын кеңейтіп, сонымен қатар Израильмен ынтымақтастығын тереңдетуде. Авраам келісімдеріне қосылу осы бағытты нығайтып, Қазақстанды ислам әлемі, Израиль және АҚШ арасындағы өңірлік көпірге айналдырады.
 
Бұл қадам өңірлік және жаһандық саясат архитектурасына қалай әсер етеді?
 
– Бұл тақырып үш ел төңірегінде талқыланды: Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан. Ал Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылған алғашқы түркі мемлекеті болды. Бұл геосаяси контекстке елеулі өзгерістер енгізеді. Қазақстан исламдық, түркілік және батыстық саяси кеңістіктерді тоғыстыра алатын жаңа мәртебеге ие болды. Мұндай қадам жаһандық бейбітшілік пен көпвекторлы ынтымақтастықтың жаңа архитектурасын қалыптастыруға өз үлесін қосады.
 
Авраам келісімдері Қазақстанның Таяу Шығыстағы позициясын күшейте ала ма?
 
– Әрине, иә. Бүгінде Қазақстан Таяу Шығыстағы саяси процестердің толыққанды қатысушысына айналып келеді. Авраам келісімдеріне қосылу Астанаға дипломатиялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығуға жол ашады. Бұл тек декларация ғана емес, АҚШ және Израильмен байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі рөлін кеңейтуге арналған нақты құрал.
 
Қазақстан ұзақ жылдар бойы бейбітшілік бастамаларына белсенді қатысып келеді. Астананың тәжірибесі Иранның ядролық бағдарламасынан бастап Сирия бойынша келіссөздерге дейін әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған. Енді Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылғандықтан, Таяу Шығыс бағытында келіссөздер мен гуманитарлық және тұрақтандыру процестерінде, халықаралық келіссөздерінде белсенді рөл атқаратыны анық.

Бұл тек саяси емес, технологиялық тұрғыдан да жаңа мүмкіндіктер ашады. Келісімдер Қазақстанға АҚШ пен Израильдің озық технологияларына жол ашады. Бұл медицина, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, қорғаныс және IT салаларында нақты технологиялық серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстан Таяу Шығыстағы позицияларын нығайтып қана қоймай, ел экономикасының жаңғыруына да ықпал етеді.
 
Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы Орталық Азия мен түркі әлеміне қалай ықпал етуі мүмкін?
 
–Әсері әрі саяси, әрі символикалық тұрғыдан қарағанда ауқымды. Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылған алғашқы түркі мемлекет атанды. Бұл – тек Орталық Азияның емес, тұтас түркі кеңістігінің саяси келбетін өзгертетін маңызды оқиға. Астана осы арқылы өңірдің жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастық архитектурасына жаңа форматта қатысу моделін қалыптастыруда.
 
Қазақстан ислам әлемі, түркі мемлекеттері, АҚШ және Израиль арасындағы түрлі саяси және мәдени кеңістіктерді байланыстыратын жаңа мәртебеге ие болды. Бұл – бір мезгілде бірнеше геосаяси кеңістікті тоғыстыратын ерекше дипломатиялық рөл.
 
Орталық Азия үшін бұл жаңа мүмкіндік: өңірдің жаһандық үдерістердегі маңызы артып, экономикалық және технологиялық әріптестік бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Қазақстан аймақтық көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайта отырып, көршілес мемлекеттер үшін де жаңа дипломатиялық және экономикалық серіктестікке жол ашады. Бұл үрдіс инвестиция, технология, көлік дәліздері мен бірлескен инновациялық жобалар саласында маңызды серпін береді.
 
Түркі әлемі үшін де бұл жаңа кезеңнің басталуы. Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы түркі дипломатиясының Таяу Шығыс бағытында кеңеюіне жол ашты. Бұл түркі мемлекеттерінің халықаралық саясаттағы дербес рөлін арттырып, олардың жаһандық процестерге ықпал ету әлеуетін күшейтеді.
 
Қысқаша айтқанда, Қазақстанның бұл қадамы өңірлік дипломатияның жаңа парағын ашты. Енді Орталық Азия мен түркі әлемі сенімге, өзара ынтымақтастыққа және технологиялық даму бағытына негізделген жаңа жаһандық архитектураның құрамдас бөлігіне айналып отыр.

Comments