Украина мен Ресей арасында тұтқын алмасу туралы келісім жасалды. Бұл туралы Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, ел президенті Владимир Зеленскийдің тапсырмасымен Украина соңғы күндері Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестерімен келіссөздер жүргізген. Бұл мемлекеттер тұтқындарды алмастыру және оларды Отанына қайтару процесін ұйымдастыруға көмектесіп жатыр.
Қазіргі таңда шамамен 1200 украиналықты қайтару бойынша жұмыс жүріп жатқаны белгілі болды.
«Келіссөздер нәтижесінде тараптар Ыстанбұл келісімдерін іске қосуға келісті. Алдағы уақытта барлық рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерді бекітетін техникалық консультациялар өтеді. Біз үзіліссіз жұмыс істеп жатырмыз. Тұтқында отырған украиндар Жаңа жыл мен Рождество мерекелерін өз үйлерінде қарсы алса екен дейміз»,- деп жазды ол Telegram-арнасында.
Еске салайық, 2 маусым күні Ыстанбұлда өткен келіссөздер барысында Ресей мен Украина ауыр жараланған әскерилер мен 25 жасқа дейінгі тұтқындарды алмастыруға, сондай-ақ бір-біріне 6000 қаза тапқан әскери қызметкердің денесін тапсыруға келіскен еді.