Мәдени мұраларымызды жеткізетін адам қалмауы мүмкін – Аймағамбетов

745
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SakQHbghSkIU7IviTKLu6B5e4uzyYVM8rtJGUoku.jpg

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке материалдық емес мәдени мұраларды қорғау мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол ұлттық құндылықтарды жеткізушілердің құқықтық тұрғыда ескерусіз қалғанын мәлімдеді.

«Салт-дәстүр, ән мен күй, ырым мен тыйым, тарих пен шежіре, айтыс пен жыр, аңыз мен ертегі сияқты ұлттық жауһарларымыз –қолмен ұстауға келмейтін, бірақ ұлттық бірегейлік үшін санаға сіңуі тиіс құндылықтар.
Ауылдағы жалғыз қария ғана білетін күй, шебермен бірге кететін өнер дағдылары, ұмытыла бастаған ырым-тыйым – мұның бәрі ұлттық бірегейліктің, қажет десеңіз ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі. Сондықтан біз «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» арнайы заң жобасын әзірледік. Алайда Үкімет: «Мұндай заң қажет емес, барлығы «Мәдениет туралы»заңмен реттеледі», – деп жобаға теріс қорытынды берді.

Біз бұл көзқарасты бюрократиялық формализмнің көрінісі деп есептейміз. Мәдениет туралы заң бұл мәселені шешеді деу – мектептегі дене шынықтыру сабағын өткізу - Ұлттық олимпиада құрамасын Олимпиадаға дайындауға жеткілікті дегенмен бірдей ұстаным. Өйткені қоланыстағы заң, біздің ұсынып отырған нормаларды қамтымайды.
Қандай мәселелер шешілмей отыр? Ұлттық құндылықты жеткізушілер құқықтық тұрғыда ескерусіз қалған. Қобызшы, зергер, жырау, бүркітші – қазіргі заңнамада олардың мәртебесі жоқ. «Мәдени мұраның тасымалдаушысы» деген ұғым заңда мүлдем жоқ»,- деді ол.
 
Аймағамбетов мемлекеттік қолдау да, шәкірт даярлауға арналған жүйе 
де қарастырылмағанын атап өтті.

«Олар – өмірде бар, заңда жоқ. Сондықтан тұтас мәдени құндылықтар жоғалудың алдында тұр. Қаржыландыру – мақсатсыз және эпизодтық. «Мәдениет туралы» заңда осы бағыт үшін арнайы қаржыландыру, гранттар немесе субсидиялар қарастырылмаған. Ұлттық мұраны сақтап, жеткізуге бағытталған нақты тетік жоқ. Тиісінше қазіргі заң – тек ниет туралы декларация»,-деді ол.

Депутат басқа елдердің тәжірибесіне де тоқталды.

«Оңтүстік Корея, Жапония осы тасымалдаушы азаматтарды таңып, оларға «Тірі ұлттық қазына» мәртебесін беріп, мемлекеттік стипендия төлейді. Өзбекстан мұра тасымалдаушыларына тұрақты жәрдемақы бекітті. Қытай, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей – арнайы заң қабылдады. Тіпті ТМД-ның 2013 жылғы үлгілік заңы бар. Қазақстан 
да қол қойған, бірақ әлі қабылдамай отырмыз. Уақыт бізді күтпейді. Егер ғимарат қираса, біз оны сызбасы бойынша қайта қалпына келтіре аламыз. 
Ал егер бүгін соңғы жырау, немесе киіз басудың ерекше техникасын білетін соңғы шебер дүниеден өтсе, бұл білім мәңгілікке жоғалады. Оны «реставрация» жасай алмаймыз. Мұра да, оны жеткізуші де бүгін бар. Бірақ уақыт  өтіп барады. Ертең мәдени мұраларымызды жеткізетін адам қалмауы мүмкін. Сондықтан ұлттың бірегейлігін сақтап қалатын нақты заңды қабылдауды ұсынып отырмыз. Осы жаңа заң жобасын қайта қарап, қолдауларыңызды күтеміз»,- деп толықтырды Аймағамбетов.

Comments