Эпштейннің хатында Әлиев пен Назарбаев қайдан жүр?

1198
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yNzW5SlFB4V5SP50ziROL0tBn1r03R6cTtECKdwz.webp

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласының аты жуырда жарияланған қаржыгер Джеффри Эпштейннің хаттарында аталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Азаттық радиосының хабарлауынша, құжаттарда Рахат Әлиев АҚШ-ты паналауға және шамамен 2 млрд долларды қайтаруға көмектесуді сұраған.

Хаттар мазмұнына қарағанда, Әлиев 2007–2008 жылдары Қазақстандағы ықпалын жоғалтқаннан кейін Еуропада жасырынып жүрген. Ол өзінің активтері төңірегіндегі жағдайды пайдаланып, экс-президент Назарбаевтың беделіне нұқсан келтіруге үміттенген.

Сондай-ақ ол Вашингтонда RJI Government Strategies фирмасын жалдаған. Бұл компания 20-ға жуық конгрессмен кеңселерімен байланыс орнатып, АҚШ заң шығарушыларының Қазақстанға сапарын ілгерілеткен. Фирма жариялаған материалдарда Әлиев «саяси қуғын-сүргіннің құрбаны» ретінде көрсетілген.

Алайда Обама әкімшілігі бұл жағдайға араласпау туралы шешім қабылдаған. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд құпия жеделхаттарында Әлиев те, Қазақстан билігі де АҚШ-ты өз мақсаттарына қолдануға тырысуда деп ескерткен.

Еске салайық, Әлиев 2007 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құру, адам ұрлығын ұйымдастыру, қару қолдану, адам денесіне әртүрлі зақым келтіру сияқты бірнеше айыптаулар бойынша кінәлі деп танылған. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кикілжіңнен соң елден қашып кеткен  ол 2008 жылдың 15 қаңтарында Алматы қаласы, Алмалы ауданаралық сотының шешімімен сырттай сотталған. Сот Әлиевті 20 жылға бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарады. Осы жылы Ақмола әскери гарнизонында тағы да сырттай сот процесі өтіп, Әлиевтің 20 жылына тағы 20 жыл қосып беріледі. 2008 жылдың 20 сәуірінде  Назарбаевтың шешімімен Әлиевтің барлық наградасының күші жойылды. Сол жылы Австрия соты Әлиевті қамауға алып, кейін 1 миллион евро кепілдікпен үй қамаққа жібереді.

2014 жылдың желтоқсанында Аустрия Рахат Әлиевке екі банкирді өлтіргені үшін айып таққан. Ол өз кінәсін мойындамады. Ал 2015 жылы Әлиев Австрия түрмесіндегі жалғыз кісілік камерадан өлі табылған. Австрия билігі оның суицидтен қайтыс болғанын мәлімдеген.

 

 

 

 

Comments