Зеленский офисінің басшысына қатысты тінту басталды. Не белгілі?

740
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LNi1QyYtmykA3s2TUmKNXMtIhB7fdMIpbjYhyhcd.jpg

Украина президенті офисінің басшысы Андрей Ермактың үйінде тінту жүргізілгенін елдің екі ірі антикоррупциялық құрылымы — Ұлттық антикоррупциялық бюро (НАБУ) және Арнайы антикоррупциялық прокуратура (САП) ресми түрде растады. Тергеу әрекеттері Украинада «Энергоатом» мемлекеттік компаниясына қатысты өршіп тұрған ірі жемқорлық дауының аясында өтіп жатыр. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Антикоррупциялық ведомстволардың хабарламасында тінтулер заңмен санкцияланғаны және белгілі бір қылмыстық іс бойынша тергеу шеңберінде жүргізіліп жатқаны айтылды. Толық ақпарат кейінірек жарияланатыны мәлімделді.

Андрей Ермак та бұл ақпаратты растап, өз Telegram-арнасында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, тергеушілерге пәтеріне толық қолжетімділік берілген, ал оқиға орнында адвокаттары құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатыр.

«Өз тарапымнан толық ынтымақтастық танытып отырмын», — деді ол.

Украиналық медиа — «Интерфакс-Украина» және «РБК-Украина» антикоррупциялық құрылымдардағы дереккөздерге сүйене отырып, әзірге ешбір тұлғаға ресми түрде күдік туралы хабарлама берілмегенін жазды. Тергеу жалғасып жатыр, бірақ қай істің аясында тінту жүргізілгені нақты айтылмаған.

Алғаш болып тінту туралы ақпаратты Жоғарғы рада депутаты Ярослав Железняк жариялаған. «Украинская правда» басылымы да оқиғаны растап, шамамен 10 НАБУ және САП қызметкерінің үкіметтік квартал аумағына кіргенін түсіріп алғанын жазды.

Еске сала кетсек, Ермакқа қатысты тергеу әрекеттері Украинада «Энергоатом» компаниясына байланысты жария болған ірі жемқорлық дауымен тұспа-тұс келіп отыр. Тергеу материалдарын, оның ішінде сөйлесулер жазбаларын НАБУ осыған дейін жариялаған болатын.

Comments