Әміренің үні – ғасырлардан жеткен аманат

390
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DK19wQZY7h1TIyz0vlsTU4ovlLfvetQpHKF5iQKL.jpg

Қазақ халқының рухани тарихында кейбір есімдер уақыттың шаңына жұтылмай, қайта жылдар өткен сайын жарқырай түседі. Сол ұлы есімдердің бірі – Әміре Қашаубаев. Оның Париждегі 1925 жылғы әлемдік сахнада қазақ әнін алғаш әуелеткен сәті бүгінде ұлт мәдениетінің тағдырлы беттерінің бірі болып саналады. Бір ғасыр өтсе де, сол дауыс – сол рух, сол ерлік әлі күнге дейін жаңғырып тұр.

Осы рухани мұраны бүгінгі ұрпаққа жаңаша жеткізу үшін Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры Қ.Жүнісовтің «Әміре» музыкалық драмасын сахнаға шығарды. Қойылымның қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сахналық формасы мен рухани мазмұнын үндестіре білетін өнер иесі Асхат Маемиров.

Маемировтің қолтаңбасы – сахнадағы әр детальдың символдық жүк арқалауы. Бұл қойылымда да Әміре өмірі тек биографиялық баяндау емес, өмір мен өнер, аманат пен қиянат, әділет пен тағдыр арасындағы күрделі арпалыс ретінде ұсынылады.

Әміре бейнесін сомдаған Оразалы Игілік көрерменді халық әнінің асқақ рухына ғана емес, ұлы тұлғаның ішкі драмасына жетелейді. Сахнадағы жарық пен үн, костюм мен қимыл – бәрі бір бағытқа жұмыс істеп, дәуірдің қыспағы мен өнердің еркіндігін айқын қарама-қарсы қояды.

Музыкалық драма жанрының табиғаты – әр нотадан драматизм, әр қимылдан сыр іздеу. Әміре туралы қойылымда бұл үндестік өте дәл сақталған. Жарық суретшісі Ермек Мұхтарұлы, костюм суретшісі Айдана Еңгебай, дыбыс режиссері Мерген Ажбаев – барлығы бір әлемді бірігіп құрғандай.

Қойылымның басты идеясы – Әміре дауысының мәңгілікке қалуы. Даладан басталған әннің Париж төріне жетуі – жеке адамның тағдыры ғана емес, ұлт рухының әлемдік кеңістікке шығуы. Демек, Әміре қазақ өнерінің әлем алдындағы елшісі.

Бүгінгі театр сахнасында Әміре бейнесінің қайта жаңғыруы – ұлт жадының жаңаруы, өз тарихымызға өз дауысымызбен қайта үңілу.

Қойылым көрерменді тек тамсандырумен шектелмейді. Ол «Бір ғасыр бұрын қазақ даласынан шыққан ән әлі неге бізге әсер етеді? Ұлт рухының күші неде? Аманатты жоғалтпай жеткізудің бағасы қандай?» деген терең сұрақтарға жетелейді.

Өнердің мақсаты – уақыттың жоғалтқанын қайта тірілту болса, Асхат Маемиров қойған «Әміре» музыкалық драмасы сол миссияны толық атқарып тұр. Бұл қойылым –  ұлттық жадты жаңғыртудың, ұлы тұлғаның рухымен қайта жүздесудің мүмкіндігі. Сол мүмкіндікті жіберіп алмай, тағдырлы тарихпен бетпе-бет келгіңіз келсе, музыкалық жас көрермен театрының жаңа премьерасын тамашалауға шақырамыз.

Comments