Қыста қолайсыз ауа райына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың қауіпті учаскелері жиі жабылады. Мұндай кезде аталған жолдармен жүруге уақытша тыйым салынады. Ауа райы талаптарын елемей, тәртіп бұзған жүргізушілерге арнайы шара қолдылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Qazaqstan Media материалына сілтеме жасап.
Жолды жабудың басты мақсаты – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қолайсыз ауа райында жабылған жолға шығу ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы («Заңды талапқа бағынбау») бойынша 120 мың теңгеге дейінгі айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады. Жыл ішінде қайталанған құқықбұзушылық үшін 15–20 тәулікке қамауға алу көзделген.
Алайда кей санаттағы азаматтарға әкімшілік қамау қолданылмайды. Бірақ бұл жағдайда жүргізушіге айыппұл бірнеше есе артады. Ол 196 600 теңгені құрайды. Қамауға алынбайтын тұлғалардың арасында жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер және ерлер, кәмелетке толмағандар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ерлер бар.
Жолдың жабылуы туралы шешімді «ҚазАвтоЖол» қабылдайды. Ал ІІМ мен ТЖМ мамандары жолды жабуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.