Кәлима Наушабаева-бір тоға, салмақты жан. Парасаттылық пен пайымдылықты бойына сіңіре білген Кәлиманың өнеріне келсек, ол өзі біртөбе.
Еңбек жолын ұлы актер, ҚР халық артисі Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрынан бастаған Кәлима бүгінгі таңда Астана музыкалық жаскөрермендер театрының жетекші актрисаларының бірі. Ал үлкен өнер жолына қадамы Темірбек Қараұлы Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында Болат Атабаев пен Асхат Маемировтің шеберханасынан көшін бастады.
Ұлағатты ұстаздардың әр тәлімі, әр сөзі Кәлима үшін өнеге болды. Академиядағы 4 жыл зуылдап өтіп, бойдағы жалын мен өнердегі махаббатпен киелі Маңғыстау өңіріне сондағы Н.Жантөрин театрына қадам басады. Аталмыш өнер ошағында үлкен мектептен өтіп, шыңдалып, Ел Астанасына талпыныспен атанады. Келісімен, Астана музыкалық жаскөрермендер театрына жұмысқа қабылданады. Елордалық көрермендер Кәлиманы Д.Исабековтің «Гаухартас» музыкалық драмасындағы-Ана, А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасындағы-Бейтаныс әйел, М.Омарованың «Шәмші» мюзикліндегі-Роза Бағланова және тағы да басқа рөлдерімен көріп жүр. «Гаухартас» музыкалық драмасындағы Кәлиманың Ана бейнесі-жүрегі мейірімге толы, отбасының бірлігін ойлайтын, айналаға жылулықпен қарайтын жан.
Ана-Кәлимада-қазақ әйеліне тән ұлағаттық жатыр. Ана-Кәлимада ауыл-елді аралап жүретін өсек құмар әйел емес, керісінше, шаңырақ бірлігін ойлайтын нағыз қазақ әйелінің парасаттылығы жатыр. Актриса Кәлима өз шеберлігі арқылы кейіпкерін осылай ерекшелендіреді. «Қоштасқым келмейді» драмасы қазақ театрына құбылыс алып келген қойылым екенін жақсы білеміз. Ондағы әр сан қилы тағдыры, сан түрлі оқиғалар көрерменді ойландырмай қоймайды. Ал аталған туындыдағы Бейтаныс әйел болса, Кәлиманың өзгеше актерлік қырын ашқан рөлі болды. Бейтаныс әйел-айналадан жылулық іздеп жүрген, өмірден өз орынын таба алмай жүрген жан. Оның ішкі трагедиясында «өмір» аялдамасында өзінің автобусын күтіп жүрген әйел жатыр. Бірақ, Бейтаныс әйел ол автобусының қашан келетінін өзі де, білмейді. Актриса Бейтаныс әйелді осылайша құбылтады. Кәлиманың нұсқалауындағы Роза Бағланова-өнер сүйер қауымды сүйсінтетін образ. Кәлима-Роза Бағланова-тек қана өнер адамы ғана емес, сондай-ақ, өнердегі ізбасарларына жанашыр, Шәмшіге тілеулес кісі. Мюзиклде Роза Бағланованың бір ғана сахнасы бар, сол бір ғана сахнада Роза Бағланованың болмысын Кәлима Наушабаева көрсете біледі. Кәлима-Роза Бағлановада жалынды жанары, сызылған дауысы, тіпті, киім-киісіндегі ерекшелік те, қазақ интелегенция қыздарының табиғаты айқын көрінеді. КСРО халық артисі, қазақтың ұлы актрисасы Фарида Шәріпованың: «Актерлік кәсіптің ең қиындығы – жанкештілігінде. Жаныңның барлығын сарп етіп, өліп-талғаныңда барып шынайы дүние шығарасың»-деген қанатты сөзі бар. Кәлима-жанкешті актриса. Кейіпкер болмысын ашуға жанын салмай еңбек етеді. Талантты актрисаның тайғымас кейіпкерлерін көруге театрға асығайық!\