Бухенвальдта қазақстандық тұтқындарға ескерткіш тақта орнатылды

204
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mpx8uIPL4ZvkcoE01s6HBd24P2Y3a0KOLgDgT1o7.jpg

Германияның Веймар қаласында орналасқан Бухенвальд концлагерінде қазақстандық тұтқындарға арналған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бастаманы жеке қаражаты есебінен тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Жоғарғы Соты Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақас жүзеге асырды.

Жоба Ұлы Отан соғысы жылдары нацистік режимнің тұтқынына түскен қазақстандықтарды еске алу мақсатында қолға алынған. Ескерткіш тақта Бухенвальдтың бұрынғы крематорий ғимаратына – лагерьдегі ең қасіретті орындардың біріне орнатылды.

Аталған тақтада алғаш рет QR-код қолданылып, келушілерге қазақстандық тұтқындардың тізімін қазақ, орыс және неміс тілдерінде көруге мүмкіндік берілді. Тізімге Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Семей қалалары мен Ақмола және Түркістан облыстарынан шыққан түрлі ұлт өкілдері – барлығы 35 қазақстандық енгізілген. Ең жас тұтқын 1926 жылы, ал ең үлкені 1900 жылы дүниеге келген. Тізімді толықтыру жұмыстары Бухенвальд мемориалды кешенінің қолдауымен жалғаса бермек.

Бухенвальд басшылығы қазақстандық тұтқындардың тізімін анықтау бастамасы Перизат Сәдуақасқа тиесілі екенін растайтын ресми сертификат табыстады. Бұл құжат авторлық құқықтың баламасы ретінде қарастырылады.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі мен Франкфурттағы Бас консулдықтың өкілдері, Бухенвальд мемориалды кешенінің басшылығы, Қазақстан студенттері және жоба бастамашысының әпкесі Бекзат Ермекбаева қатысты.

Перизат Сәдуақас ескерткіш тақта жеке бастаманың нәтижесі болғанымен, оның Бухенвальд тұтқындарының ұрпақтары мен Қазақстан халқының атынан орнатылғанын атап өтті. Жоба гуманистік әрі бейбіт сипатқа ие болып, тарихи жадты сақтау, тоталитарлық режим құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру және халықаралық диалогты нығайтуға бағытталған.

Бастамашы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, Германиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне, Франкфурттағы Бас консулдыққа, Бухенвальд мемориалды кешенінің басшылығына және «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің негізін қалаушы Раиса Рамазанқызына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Тарихтың қасіретті беттеріндегі құрбандарға тағзым жасау жас ұрпақты тарихи шындықты сақтауға және бейбітшілікті нығайтуға үндейді.

Comments