«Қазақмыс» корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының басқаруына өтті. Бұл туралы CMN.KZ жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ақпаратты Qazaq Stroy компаниясы ресми түрде растады»,-делінген хабарламада.
«Қазақмыстың» меншік иесін өзгерту туралы қауесеттер өткен күзде-ақ тарай бастаған еді. Алайда ұзақ уақыт бойы бұл мәліметті тараптардың ешқайсысы нақтыламады. Тек 10 желтоқсанда акционерлік қоғам өкілдері ресми баспасөз хабарламасын таратып, «Қазақмыс» корпорациясына бақылауды өзгерту рәсімі мен рамалық келісімге қол қойылғанын мәлімдеген. Мәмілені Жаңа жылға дейін жабу жоспарланған.
Мыс алыбының жаңа иесі — көпсалалы Qazaq Stroy компаниялар тобы. Топтың бенефициары — кәсіпкер Нұрлан Артықбаев. 2024 жылғы дерек бойынша, ол Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 44-орында тұрған, ал байлығы 228 млн доллар деп бағаланған.
Forbes деректеріне сәйкес, Kazakhmys корпорациясының жылдық табысы 1,3 трлн теңгені құрайды, ал қызметкерлер саны 32 мыңнан асады. Холдинг құрамына Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл және Абай облыстарындағы кеніштер, байыту фабрикалары мен мыс балқыту зауыттары кіреді.
Qazaq Stroy компаниялар тобы Қазақтелеком компаниясындағы үлеске және газ кен орнындағы 75 пайыздық үлеске иелік етеді. Сонымен қатар, топ Түркістан облысында жылына 800 мың тонна өнім шығаратын күкірт қышқылы зауытын салу жобасын жүзеге асырып жатқан компанияның тең иесі саналады.
Бұдан бөлек, Qazaq Stroy тобына кіретін Qazaq Kalium компаниясына Батыс Қазақстан облысында орналасқан әлемдегі ең ірі калий тұздары кен орындарының бірі тиесілі. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына қарай калий тыңайтқыштарын өндіретін тау-кен байыту кешені іске қосылады. Құрылыс жұмыстарын немістің Thyssen Schachtbau GmbH компаниясы жүргізіп жатыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 6 млн тонна өнімді құрап, 4 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл жобаға Qazaq Stroy тобы қаржы институттарымен бірлесіп шамамен 2,4 млрд доллар инвестиция салмақ. Дәл осы зауыт Қазақстанның калий тыңайтқыштарын өндіру бойынша әлемдегі ТОП-5 елдің қатарына енуіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Qazaq Stroy компаниялар тобы әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соңғы 10 жылда кәсіпорын жалпы аумағы 4,8 млн шаршы метрден асатын тұрғын үй салды. Соның ішінде 3,6 млн шаршы метрі — әлеуметтік тұрғын үй. Сонымен қатар компания жыл сайын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 100 пәтерден тегін беріп отырады.
Strengthening comprehensive cooperation with China will allow the development of Kazakhstan - Tokayev