Мектеп оқушысының өліміне қатысты үкім өзгертілді

218
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Темір ауданында мектеп оқушысының өліміне байланысты резонансты істі қайта қарап, үкімді өзгертті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Қопа ауылында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, жоғары сынып оқушылары 9-сыныпта оқитын жасөспірімді ұрып-соғып, салдарынан ол көз жұмған.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот үш негізгі айыпталушыны 6 жыл 8 айға, ал тағы үш жасөспірімді 1 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Алайда апелляциялық шағымды қарау барысында сот алқасы сотталғандардың кәмелетке толмағанын, жасаған әрекеттеріне өкініш білдіргенін және тараптар арасында медиативтік келісім жасалғанын ескерді.

Сот қаулысында істің жәбірленуші тарап пен оның қорғаушыларының, сотталғандар мен олардың адвокаттарының өтініштері негізінде қайта қаралғаны көрсетілген.

Нәтижесінде жәбірленуші тараптың жазаны жеңілдету жөніндегі ұстанымы назарға алынып, негізгі айыпталушыларға қатысты үкім өзгертілді. Апелляциялық сот шешімімен сотталғандарға тағайындалған жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабына сәйкес шартты жаза деп танылды. Үкімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Comments