«Росатом» Өзбекстанға болашақ АЭС негізінде атом кластерін құруды ұсынды

535
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/A5rb5KjsxM7dVAbv2uZpYG89oI4LUL4zlzvKxbGN.jpg

Ресейдің мемлекеттік корпорациясы «Росатом» Өзбекстанда шағын қуатты атом электр станциясы негізінде атом кластерін» құруды ұсынды. Бұл туралы корпорацияның бас директоры Алексей Лихачев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біз белгілі бір жаңашылдыққа барып, Өзбекстан басшылығына тек атом станциясына қызмет көрсететін қалашықты емес, атом энергетикасымен қатар атом медицинасы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және материалтану салаларына арналған радиологиялық құзыреттер қамтылатын атом кластерін құруды ұсындық. Әрине, бұл жұмысқа біздің негізгі ғылыми ұйымымыз – Курчатов институты да қосылды», – деді Лихачев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында.

Корпорация басшысы бұл кешен үшін цифрлық өнеркәсібі, цифрлық шешімдері және деректерді өңдеу орталығы қажет болатынын да атап өтті.

«Осылайша біз тек пайдаланушы ұйымға арналған шағын қалашық туралы емес, алдағы онжылдықтарда 20–30 мың адамға дейінгі халқы бар толыққанды инновациялық атом, ядролық кластер құру туралы айтып отырмыз», – деді Лихачев.

27 қаңтар күні «Росатом» бас директорын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қабылдаған еді. Кездесу барысында елде атом электр станциясын салу және атом саласындағы өзге де ынтымақтастық бағыттары талқыланған.

«Алаңда жұмыстар белсенді жүріп жатыр. 2025 жылдың қазан айында шағын қуатты алғашқы энергия блогына арналған қазаншұңқырды қазу басталды. Биылғы жылдың басты міндеті – ядролық арал ғимараттарының іргетас тақтасының негізіне бетон құю кезеңіне көшу. Мерзімдердің маңыздылығын ескере отырып, бетон дайындау жұмыстарын осы көктемде бастауды көздеп отырмыз», – деді Лихачев.

Өзбекстан мен Ресей арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде алғашқы өзбек АЭС-ін салуды көздейтін келісім 2017 жылғы желтоқсанда қол қойылған. Құны 11 млрд доллар болатын алғашқы энергия блогын 2028 жылы іске қосу жоспарланған еді. Ол кезде АЭС кешені қуаты әрқайсысы 1200 МВт болатын екі энергия блогынан тұрады деп болжанған. Кейінірек алдымен шағын қуатты атом станциясын салу туралы шешім қабылданған.

Comments