Қазақстан Қырғызстаннан жерді жалға алады

264
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HSeSg8hGU4955KmGNcLJKw18o5phV8k0NbZ9oXrM.webp

Қазақстан Қырғызстан аумағындағы бірқатар нысандар мен жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға алады, деп хабарлайды “Адырна" ұлттық порталы.

Тиісті келісімдер мен шарттарды Сенат депутаттары ратификациялады.

Ратификацияланған құжаттардың бірі – Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Ыстықкөл облысындағы курорт-сауықтыру нысандарына меншік құқығын реттеу туралы келісім. Құжатқа сәйкес, Қазақстан тарапына тиесілі нысандар (база объектісінен басқа) 2029 жылдың соңына дейін жыл бойы жұмыс істейтін 3 және 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғыртылуы тиіс. 

Аталған келісімге 2006 жылғы 4 шілдеде қол қойылған.

Сенат депутаты Нұрия Ниязованың айтуынша, келісім аясында Қазақстан инвесторлар тартуға, берілген аумақтағы ескі нысандарды бұзуға құқылы. 

Құжат Қазақстанның төрт нысанға меншік құқығын бекітеді. Олар «Қазақстан» санаторийі, «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорт-сауықтыру лагері және «Олимп» спорт-сауықтыру орталықтары болып тұр.

Қазіргі уақытта Президент Іс басқармасы Ыстықкөл жағалауында «Қазақстан» санаторийін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. 

Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жоба аясында санаторий аумағындағы барлық ғимараттарды бұзу көзделген. Тек Дінмұхамед Қонаевтың №1 саяжайы тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде сақталып, үй-музейге айналдырылмақ.

Сонымен қатар Сенат Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы 2009 жылғы 1 желтоқсандағы жер телімдерін жалға беру туралы шартты да ратификациялады. Құжатқа сәйкес, жалпы аумағы 58,8 гектар жер телімі Қазақстанға 49 жыл мерзімге уақытша ақылы пайдалануға беріледі.

Қырғыз тарапы жалға берілген нысандардың қол сұғылмауына кепілдік беріп, оларды мемлекеттік меншікке алып қоюға бағытталған әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.

Comments