Әнұранды орындаудан бас тартқан ирандық бес футболшы Австралиядан виза алды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kYrDe2kApr6mKv1UdFPNT1XGbhtTltQBd2QIF4uT.jpg

Австралия билігі Иран әйелдер футбол құрамасының бес ойыншысына гуманитарлық виза берді. Бұл туралы австралиялық The Nationalnews.com басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Австралияның ішкі істер министрі Тони Берк ирандық бес футболшы өз елінде қудалануы мүмкін деген қауіппен қорғау сұрағаннан кейін оларға гуманитарлық визалар берілгенін растады.

Министрдің айтуынша, спортшылар Брисбенде өткен әйелдер арасындағы Азия кубогы (AFC Women’s Asian Cup) турнирі аясында Оңтүстік Корея құрамасына қарсы матч алдында Иранның мемлекеттік әнұранын орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін олар елге оралған жағдайда қауіпсіздігіне алаңдап, Австралиядан қорғау сұраған.

Берктың сөзінше, футболшылар өздерін саяси белсенділер емес екенін айтып, тек қауіпсіздікте өмір сүргісі келетінін жеткізген. Берілген гуманитарлық визалар олардың Австралияда қалып, өмір сүруіне, жұмыс істеуіне және білім алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Австралия билігі мұндай ұсыныс Иран әйелдер құрамасының барлық мүшелеріне де жасалғанын мәлімдеді. Қалған ойыншыларға өз құқықтары түсіндіріліп, гуманитарлық виза алуға өтініш беру мүмкіндігі ұсынылған. Дегенмен елде қалу немесе Иранға оралу туралы шешімді әрбір спортшы жеке қабылдайды.

Айта кетейік, матч алдында әнұран кезінде үнсіз қалу әрекеті Иран ішінде қатты сынға ұшырады. Мемлекеттік телеарналар мен билікке жақын медиа футболшыларды «патриотизмнің жоқтығы» және «соғыс кезіндегі сатқындық» деп айыптады. Осы жағдай олардың отанына оралған жағдайда қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Comments
Other materials