Қарағанды облысының 90 жылдығына орай музейдің жаңа экспозициясы ашылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/28EORc0sPJXUvzgsN2twqCTCVuq457MfKUeV9590.jpg

13 наурызда Қарағанды қаласында Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңартылған экспозициясының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімдігі аппаратының өкілдері, облыстық басқарма басшылары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің өкілдері, Ұлттық музей мен өңірлік музейлердің басшылары, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жаңартылған экспозиция өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын таныстыруды, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды және Сарыарқа даласының әлемдік өркениет тарихындағы орнын кеңінен насихаттауды мақсат етеді. Сонымен қатар музей экспозициясы Қарағанды облысының көне дәуірден бастап индустриялық қалыптасуы мен Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі даму жолын көрсетіп, ұлттық тарихи сананы дамытуға бағытталған.

Музейдің реэкспозициясы 2025–2026 жылдары жүзеге асырылып, соңғы 13 жыл ішіндегі ең ауқымды жаңғырту жобаларының бірі болды. Жобаның басты мақсаты – өңір тарихын қазіргі ұрпаққа жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан таныстырып, оны заманауи технологиялардың көмегімен көрнекі әрі мазмұнды түрде жеткізу.

Жаңартылған музей кеңістігінде тақырыптық инсталляциялар, интерактивті аймақтар, мультимедиялық киоскілер, голограммалар және проекциялық жүйелер орнатылған. Келушілер сенсорлық экрандар арқылы архивтік құжаттармен танысып, сирек кездесетін экспонаттар туралы кеңейтілген ақпарат ала алады. Мұндай технологиялық шешімдер музей экспозициясын тек ақпараттық ғана емес, сонымен қатар танымдық әрі тартымды мәдени алаңға айналдырады.

Экспозиция жалпы саны 13 залдан тұрады. Онда өңір тарихы көшпелі империялар дәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Көрмеде археологиялық олжалар, қола және ерте темір дәуіріне жататын жәдігерлер, қазақ халқының материалдық мәдениеті, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының қалыптасу тарихына қатысты құнды деректер ұсынылған.

Жаңартылған музей экспозициясы өңір тұрғындары мен қала қонақтары үшін маңызды мәдени-танымдық орталыққа айналып, Қарағанды облысының туристік әлеуетін дамытуға да үлес қоспақ. Болашақта музей өңірдің негізгі туристік маршруттарының бірі ретінде ұсынылады.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі — аймақтағы ең көне мәдени орталықтардың бірі. Оның жаңартылған экспозициясы өңірдің бай тарихын жаңа форматта таныстырып, келушілерге өткен мен бүгінді байланыстыратын ерекше танымдық кеңістік ұсынады.

**Мекенжай:** Қарағанды қаласы, Ерубаев көшесі, 38
**Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі**.

Comments