Назарбаев 7 жыл бұрын биліктен кеткенін айтып, Қауіпсіздік кеңесін басқарғанын ұмытып кетті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HTg7EdOrTgdHYpnBASDE3zSrkQ7HMWIixQJVSSoG.jpg

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс берді, деп хабарлайды "Адырна".

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 228-құрылымдық сайлау учаскесіне барып, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша өз таңдауын жасады. Ол дауысын елордалық Астана Опера театры аумағындағы сайлау учаскесінде берді. Дауыс беру кезінде экс-президент журналистер алдына шықпағанымен ресми сайтында референдум мен елдегі реформалар туралы пікірі жарияланды.

Мәліметке қарағанда осыдан жеті жыл бұрын жоғары биліктен өз еркімен кеткенін айтқан Назарбаев бұл шешімді елдің тұрақты дамуы мен билік сабақтастығы жалғасуы үшін қабылданды деген. 

— Уақыт тоқтамайды. Буын алмасады. Әр буын Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Біздің заман өкілдері тәуелсіздікті жариялап, шекараны белгілеп, елорданы тұрғызу арқылы өз міндетін орындады деп есептеймін. Қазір Қазақстанды одан әрі нығайтып, оның беделін көтеру қажет. Бұл бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ, соның ішінде мен қолдап отырған бүгінгі референдумның да маңызы зор. Өз уақытында мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасадым және бұл таңдауым ешқашан өзгермейді. Осы Конституция Қазақстанымыздың игілігіне, халқымыздың берекесіне қызмет етсін деп тілеймін, — деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

7 жыл бұрын Назарбаев президенттіктен кеткенімен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасы ретінде биліктің барлық тармағына ықпал етіп отырды. Ол президент ретінде 30 жылдай мызғымай билікте отырып, мерзімінен бұрын сайлаулар мен референдумдар арқылы өзінің өкілетін ұзартуымен қоғам есінде қалды.  

Comments