Мамыр айынан бастап қазақстандықтар ұшақ бортына музыкалық аспаптарын, оның ішінде домбыраны алып кіре алады. Қазір музыкалық аспаптарды әуе арқылы тасымалдау мәселесін заңнамалық тұрғыда реттеліп жатыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты, деп хабарлайд "Адырна".
«Жақын арада біз жолаушылар мен жүктің тасымалдануы туралы ережелерге тиісті өзгерістер енгіземіз. Онда қандай тәртіппен музыкалық аспапты тасымалдауға болатыны айқын көрсетілетін болады. Менің ойымша, нақтырақ болу үшін бұл шешім бір ай ішінде қабылданады», – деп түсіндірді Талғат Ластаев сенат кулуарындағы брифинг барысында.
Вице-министр атап өткендей, жаңа ережелер барлық әуе компанияларына ортақ болады.
«Иә, бұл жалпы ережелер. Шындығында, қоғам тарапынан сұраныс бар, музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты нақты кейстер болған. Сондықтан жалпы ережелер болуы үшін және әуе компаниялары осыған сүйене алуы үшін, азаматтық авиация комитеті осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді вице-министр.
БАҚ өкілі «барлық музыкалық аспаптарды ұшақ салонында алып жүруге бола ма, әлде бұл тек домбыраға қатысты ма?» деп сұрады.
Ластаев қазір дәл осы мәселе жан-жақты талқыланып жатқанын айтады.
«Бұл аспаптың нақты көлеміне байланысты, яғни біз алдын ала қандай хабарлама беру керектігін, нақты тәртіп қандай болатынын ескере отырып шешім қабылдаймыз. Сол арқылы адам өзінің музыкалық аспабын дұрыс және еш қиындықсыз тасымалай алатынын түсінеді», – деді Ластаев.
Вице-министрдің айтуынша, егер шешім қабылданса, қазақстандықтар 2026 жылғы мамырдан бастап ұшаққа музыкалық аспаптарын алып кіре алады.
Quarantine was introduced in one of the villages of Akmola region due to the outbreak of brucellosis
"Historical result": Kazakhstan's young tennis players placed in the top four at the World Championship
