Дубай қандай, Алатау қандай? Конституциялық заң жобасы парламентке жетті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sgVP18KLzml07v46DenOZim97kOaXHjOlDccsShd.jpg

Бүгін палаталардың бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласының арнаулы мәртебесіне қатысты Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауы мен Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес әзірленген. Оның негізгі мақсаты – қаланың жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау.

Жобаға сәйкес, Алатау «қарқынды дамитын қала» ретінде арнайы құқықтық режиммен дамиды. Қала дербес экожүйе ретінде қалыптасып, жеке қаржылық модельге, арнайы басқару жүйесіне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.

Халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген құжатта Шэньчжэнь, Сингапур, Дубай сынды ірі қалалардың даму үлгілері ескерілген. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жобаларда басты рөлді тиімді басқару мен кең өкілеттіктер атқарады.

Алатауда инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазірдің өзінде жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба пысықталып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жобалар қатарында Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food және басқа да ірі халықаралық компаниялар бар.

Заң жобасы аясында:

  • арнайы басқару органы – Alatau City Authority құрылады;
  • инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізіледі;
  • тұрақты салықтық және құқықтық режим қалыптастырылады;
  • ұзақ мерзімді (30 жылға дейінгі) даму стратегиясы бекітіледі;
  • жер қатынастары мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше тәртіп белгіленеді.

Сондай-ақ Алатау қаласы «Smart City» қағидаты бойынша дамып, барлық қызметтер цифрлық форматта ұсынылады. Қалада жасанды интеллект, роботтандыру, автономды көлік және цифрлық активтерді реттеу сияқты заманауи технологиялар енгізіледі.

Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Алатаудың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Comments