Қазақстаннан қашқан Балушкиннен 3 млн теңге алимент талап етілуде

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/t38Ts2DwAtwFP9zwBKNiDpqoWHVyb3zxyFQfnHgj.jpg

Фото: forbes.kz

Ресейде қазақстандық кәсіпкер Анатолий Балушкинге қатысты тағы бір сот процесі өтеді. ТАСС хабарлауынша, Мәскеу арбитраждық соты 2026 жылғы 14 мамырға сот отырысын белгілеген. Онда кәсіпкерді банкрот деп тану немесе қарыздарын қайта құрылымдау мәселесі қаралмақ, деп хабарлайды "Адырна".

Сотқа жүгінген - кәсіпкердің бұрынғы жұбайы Юлия Гузеева. Ол Балушкиннен 572,8 мың рубль (шамамен 3,3 млн теңге) көлемінде алимент өндіріп беруді талап етеді. Сонымен қатар, бұл талапты кредиторлар тізімінің бірінші кезегіне енгізуді сұраған.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей соты Гузееваға алимент өндіру құқығын беріп, бұл шешім заңды күшіне енген еді.

Анатолий Балушкин мен Қазақстан билігі арасындағы дау 2020 жылы басталған. Сол кезде Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) «Азия Авто» компаниясымен жасалған инвестициялық келісімді сот арқылы бұзған.

Сот шешімімен компания мемлекетке 174 млрд теңге қайтаруға міндеттелді.

2023 жылдың желтоқсанында Балушкин "Гиперборей" арнасына берген сұхбатында Ресей азаматтығын алғанын мәлімдеген. Сондай-ақ Қазақстанда өзіне қатысты жарияланған іздеу туралы пікір білдірген.

2025 жылдың наурызында «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алаудинов әлеуметтік желіде Балушкиннің қатысуымен түсірілген бейнеролик жариялады. Онда кәсіпкер «Пластун» жол талғамайтын көлігі туралы айтып, оның Новосібірде отандық инженерлер тарапынан жасалғанын жеткізген. Бұл техника қазіргі таңда Ресейдің күштік құрылымдарында сынақтан өтіп жатыр.

2025 жылдың сәуірінде Өскемен қалалық соты Балушкинді аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сондай-ақ 9 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырған.

Comments