Депутат әлеужеліні «балалар алаңына» теңеді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4h1Dgj5PVbw0R8AMIv3Z5y215Tlrcq4GERqy83k8.jpg

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазіргі әлемдегі саяси және ақпараттық үрдістерге қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде әлемде ультрадемократиялық көзқарастағы топтардың дүниетанымын түбегейлі өзгертіп жатқан ірі трендтер қалыптасып келеді.

«Шыны керек, бір кездері мен әлеуметтік желілерді жаңа демократияның алаңы болады деп ойлаған едім. Бірақ уақыт өте келе олар сол баяғы күйінде екенін түсіндім. Әлеужелі орынсыз амбиция, қыңырлық, төзімсіздік пен жеккөрушілікке толы «балалар алаңы» болып қалып отыр.  Желілер бастапқыда бизнес ретінде құрылды, олардың алгоритмдері де дәл сол бизнеске қызмет етеді»,- деді депутат hronika.kz-ке берген сұқбатында.

Сарымның пікірінше, әлеуметтік желідегі ең адал топ — инфлюэнсерлер.

«Олар өздерінің іс-әрекетін ашық түрде бизнес ретінде жүргізіп, салық төлейді. Бізде бұл заңмен реттелген, мен де осы заңдардың жасалуына қатыстым. Қазір бұл бюджетке миллиардтаған салық түсімін әкеліп отыр. Ал қалған қолданушылар әлеуметтік желіде отырып лайк жинай отырып, өзін әлемді басқарып тұрғандай сезінуі мүмкін. Десе де, шын мәнінде олар — импорттық миллиардерлердің үстеліндегі жай ғана «шіріген ет». Бұл туралы жүздеген кітаптар, ғылыми зерттеулер мен диссертацияларда жазылған.

Мәдениетке, әсіресе саяси мәдениетке келетін болсақ, біз жаһандық трендтерге қарама-қарсы фазадамыз. Кейбір кері құбылыстар болмаса да, біз саясатты институционализациялау жолымен келе жатырмыз, ашықтық институттарын енгізудеміз. Ал қазіргі билікті құлатуға тырысатындар, керісінше, мұндай жаңашылдықтарды бірінші болып қолдауы тиіс, белсенді түрде қатысуы керек»,- деді депутат.

Сондай-ақ Айдос Сарым пікірталастың маңыздылығына тоқталып, Досым Сәтпаевқа қатысты пікір білдірді.

«Пікірталасқа түсуге дайынмын, бірақ әзірге бұл маған мүлде қызық емес. Пікірталас ойға азық беріп, екі тарапты да дамытуы керек. Сонымен қата кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін айқындайтын, алдын ала келісілген шындық пен ақиқат өлшемдері болуы тиіс. Пікірталастар «Бендер мен ксендздер» дауына немесе «Құдай бар ма?» деген сұраққа қатысты болмауы керек. Менің ойымша, парламент тарағанға дейін және сайлауалды науқан басталғанға дейін қалған бірнеше ай ішінде осындай пікірталастарды өткізуге батылы жететін, жеткілікті бейтарап алаң табылса, өте жақсы болар еді. Бірақ, тағы да қайталаймын, тараптар мойындайтын ережелер, зияткерлік командалар және пайдалы тақырыптар қажет. Мен, жалпы, Досым Сәтпаевтың өз ыңғайлы аймағынан шығып, кез келген партияның саясаткері болуын қалаймын. Ол әлдеқашан саясаттың ішінде жүр, бірақ сарапшы мәртебесінің артына жасырылып отыр. Оның көптеген пікірлері — саяси догмалар мен көзқарастар, нағыз саяси талдау емес. Бұл туралы мен бірнеше рет айтқанмын және, меніңше, ол өзіне бұл шындықты мойындайды»,-деп толықтырды ол.

Comments