Моңғолияның премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар отставкаға кету туралы шешім қабылдады. Оның өтініші Ұлы мемлекеттік хуралдың (парламент) пленарлық отырысында қаралып, депутаттардың 74%-ы қолдады.
Бұл шешім бұған дейін билеуші Моңғол халық партиясы (МХП) жабық отырысында жарияланған болатын. Партияның бас хатшысы Янгуугийн Содбаатар бұл мәселе алдағы уақытта заңнамаға сәйкес парламент комитеттері мен жалпы отырыста қаралатынын мәлімдеді.
Премьер-министрдің отставкасы елдегі саяси дағдарыс аясында орын алды. Негізгі оппозициялық күш – Демократиялық партия (ДП) 19 наурыздан бастап парламент жұмысына бойкот жариялаған. Оппозиция жетекшісі Ням-Осорын Учрал бастаған депутаттар билеуші партия көшбасшысының бір мезгілде парламент спикері қызметін атқаруына қарсы шықты. Олар бұл лауазымдар бөлінуі тиіс деп санайды: спикер оппозиция өкілі болуы керек, ал премьер-министр қызметін билеуші партия жетекшісі атқаруы қажет.
Партия кеңесінде саяси келіспеушіліктермен қатар, жаһандық факторлар әсерінен күрделенген әлеуметтік-экономикалық жағдай да талқыланды. Осы ахуал және парламент жұмысының тұралауына байланысты Занданшатар өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Пленарлық отырыста сөйлеген Гомбожавын Занданшатар:
«Мен өз қызметіме жабысып отырған жоқпын. Мемлекет пен халық мүддесін бірінші орынға қоя отырып, өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Бұл тек қызмет тапсыру емес, маңызды мүдделер үшін біріге білудің үлгісі», – деді.
Сондай-ақ ол соңғы тоғыз айдағы үкімет жұмысының нәтижелерін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік шығыстар алғаш рет 2,2 триллион тугрикке қысқарған. Көмір экспорты 90 миллион тоннаға жетіп, жалпы экспорт көлемі 15,8 миллиард АҚШ долларын құраған. Кашемир экспорты 4,7 есе өссе, ет экспорты 25,7%-ға артқан. Экономикалық өсім 2,6%-дан 6,8%-ға дейін жеделдеп, инфляция 8,3%-дан 6,5%-ға дейін төмендеген. Төлем балансы 600 миллион доллар тапшылықтан 1 миллиард доллар профицитке жетіп, валюталық резервтер 7 миллиард долларға дейін ұлғайған.
«Бұл жай ғана сандар емес, дұрыс саясаттың нәтижесі», – деп атап өтті ол.
Гомбожавын Занданшатар 2025 жылғы 13 маусымда Моңғолияның 34-премьер-министрі қызметіне кіріскен. Иркутскіде қаржы-экономика мамандығын алған. Еңбек жолында банк саласында қызмет етіп, 2004 жылы алғаш рет парламент депутаты болып сайланған. 2009–2012 жылдары сыртқы істер министрі, ал 2020–2024 жылдары Ұлы мемлекеттік хурал төрағасы қызметін атқарған.
Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша, Занданшатар жаңа үкімет басшысы тағайындалғанға дейін премьер-министр міндетін уақытша атқарады.
A little girl died: a mother who left her daughter in kindergarten for a month lost her parental rights
