Трамп Тегеранға «аса күшті соққы» жасалуы мүмкін екенін ескертті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wbCuOugXxRYs1EXThbmK5ogduWHGYOhBsOFXB09A.jpg

Ақ үй басшысы Дональд Трамп Америка халқына телевизиялық үндеу жасап, бір айдан астам уақыт бұрын басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы қашан аяқталатыны туралы нақты жауап бермеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Трамп тек әскери әрекеттердің аяқталуға жақын екенін тағы да қайталап, Тегеранға «аса күшті соққы» жасалуы мүмкін екенін ескертті.

Оның айтуынша, америкалық әскери күштер Иранға қарсы соғыста алдарына қойылған міндеттерді іс жүзінде орындап қойған және қақтығыс жақын арада аяқталады.

«Біз бұл істі аяқтамақпыз және ол өте тез жүзеге аспақ. Мақсатымызға өте жақынбыз», — деді Трамп.

Сондай-ақ АҚШ президенті Америка Иранның әскери-теңіз және әскери-әуе күштерін жойып, баллистикалық зымыран бағдарламасы мен ядролық қаруын тұралатқанын тағы да мәлімдеді. Оның сөзінше, соққылар алдағы екі-үш апта бойы жалғасады.

Ол бұған қоса, Ормуз бұғазы АҚШ-қа емес, басқа елдерге қажет екенін тағы да атап өтті. Тегеран бір айдан бері іс жүзінде бұғаттап отырған бұл бұғаз қақтығыс аяқталған соң табиғи түрде қайта ашылады деп сендірді.

Трамптың айтуынша, алдағы екі-үш апта ішінде АҚШ «аса күшті соққы» жасамақ.

Соғысқа байланысты жанармай бағасының өсуін ол «қысқа мерзімді құбылыс» деп атады.

«Көптеген америкалық ел ішінде бензин бағасының соңғы өсуіне алаңдап отыр.
Бұл қысқа мерзімді өсім Иран режимінің қақтығысқа еш қатысы жоқ елдердің коммерциялық мұнай танкерлеріне жасаған ессіз террористік шабуылдарының салдары болды»,-деді президент.

Comments
Other materials