Экс-президенттің қызына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/02EjInhNEEP1pWGOpKuXYpV4sZ1EU7kuqgFnciNf.jpg

Швейцария соты Гүлнара Кәрімоваға қатысты қылмыстық істі жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Швейцарияның ұлттық телеарнасы хабарлады.

Сот істі қарауға «тұрақты кедергі» бар екенін мойындады. Атап айтқанда, Кәрімова Өзбекстан аумағынан шыға алмайды, ал оған тағылған айыптар бойынша ескіру мерзімі аяқталуға жақын. Осыған байланысты істі әрі қарай қарау заңдық мәнін жоғалтқан.

Сот процесі Швейцарияның Беллинцона қаласында басталған. Ал Кәрімова сот отырысына қатыса алмаған. Оған себеп Өзбекстан билігінің Кәрімованы босатудан бас тартуы болған. 

Кәрімова 2014 жылдан бері Өзбекстанда қамауда отыр. Қорғаушылардың айтуынша, ол 2028 жылдың желтоқсанында немесе одан да ертерек босатылуы мүмкін. Алайда сол уақытқа дейін Швейцариядағы айыптар бойынша ескіру мерзімі өтіп кетеді.

Адвокаттар бұл шешімді ақтау үкімімен тең деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, Швейцария соты адамның негізгі құқықтары сақталмаған жағдайда сырттай сот жүргізуге жол бермейтінін көрсетті.

Айта кетейік, Кәрімоваға қатысты қылмыстық іс Швейцарияда 2012 жылы қозғалған. Гүлнара Кәрімова - Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы.

Comments