Қазақстан да бар, 7 елдің шешімі. ОПЕК+ мұнай өндіруді арттырмақ

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9ToIBlXmU4HLxCVzrUiih3hdnyzKswwGQhCEKVxd.jpg

ОПЕК+ құрамына кіретін жеті ел мұнай өндіру көлеміне қатысты жаңа шешім қабылдады. Бұл туралы альянстың ресми мәлімдемесінде жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.

3 мамыр күні ОПЕК+ аясында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдері виртуалды форматта кездесу өткізді. Жиында әлемдік мұнай нарығының қазіргі ахуалы мен алдағы даму үрдістері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша аталған елдер нарық тұрақтылығын сақтау мақсатында мұнай өндіру көлемін тәулігіне шамамен 188 мың баррельге арттыруға келісті. Бұл өзгеріс 2026 жылдың маусым айынан бастап күшіне енеді.

Сонымен қатар қатысушы мемлекеттер нарықтағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, қажет болған жағдайда қабылданған шешімдерді қайта қарауға дайын екенін жеткізді. Яғни, олар өндірісті ұлғайту немесе шектеу шараларын жедел өзгертіп, тіпті толықтай кері қайтару мүмкіндігін де сақтап отыр.

Елдер сондай-ақ бұрын қабылданған міндеттемелерге адал екенін растады. Оның ішінде өндіріс көлемін реттеу, артық өндірілген мұнайды өтеу және Бірлескен министрлік мониторинг комитеті бақылауындағы келісімдерді сақтау мәселелері бар.

Алдағы уақытта бұл жеті мемлекет ай сайын кездесіп, нарықтағы өзгерістерді және өз міндеттемелерінің орындалуын талқылап отырмақ. Келесі кездесу 2026 жылғы 7 маусымға жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері 2026 жылдың 1 мамырынан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын мәлімдеген болатын.

Comments