Құн өседі. Қазақстанда көлік сақтандыру ережелері өзгеруі мүмкін

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/whnapVXsqQ3GH7gNHE9PhU0C351ZF4sslHeSTkcp.webp

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде қолданылатын «бонус-малус» жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы kolesa.kz-ке сілтеп.

Ведомство әзірлеген жобаға сәйкес, Қазақстандағы ең төменгі М2 және М1 сыныптары жойылып, ең төменгі деңгей ретінде М класы енгізіледі. Сонымен қатар 4-тен 13-ке дейінгі сыныптар бойынша коэффициенттер мөлшерін арттыру көзделіп отыр.

Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылып, сақтандыру төлемі жүзеге асқан жағдайда жүргізуші М деңгейіне түседі және оған 20 пайыздық коэффициент қолданылады. Бұл талап шетелдік уақытша кірген көлік иелеріне және заңды тұлғаларға қатысты емес.

Еуропротокол арқылы рәсімделген немесе зардап шеккен мүлікке төлем сомасы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жағдайларда, М немесе 0 класына түскен жүргізушілердің сыныбы автоматты түрде көтерілмейді.

Сонымен қатар, мас күйінде көлік басқарған және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған жүргізушілер де М класына ауыстырылып, оларға 20 пайыздық коэффициент қолданылады.

Жобада сақтандыру компанияларына полис құнын белгілі бір шектеулер аясында өз бетінше белгілеу құқығын беру қарастырылған. Алайда қолданыстағы коэффициент 90 пайыздан төмен және 110 пайыздан жоғары болмауы тиіс.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, өзгерістер сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға және тәуекел деңгейіне қарай әділ тариф қалыптастыруға бағытталған.

Comments