MV Hondius кемесіндегі індет. Жүрсіннің құдасы 42 күндік карантин жариялады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i2sPUHfxpvaxel5SSOzru8ry2TuLE7A4lZtUqIdS.webp

Хантавирус таралған MV Hondius круиздік лайнерінен эвакуацияланған жолаушыларға 42 күндік карантин ұстану ұсынылды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біздің ұсынымымыз айқын: 10 мамырдан бастап 42 күн белсенді медициналық бақылау, яғни 42 күндік карантин. Карантинді арнайы мекемеде де, үй жағдайында да өткізуге болады», – деді ол Канар аралдарына келген MV Hondius кемесіндегі жолаушыларды эвакуациялаудың алғашқы күні аяқталғаннан кейін өткен брифингте.

Гебрейесус ДДҰ тек ұсыным беретінін, бірақ оны мемлекеттерге міндеттемейтінін атап өтті.

«Елдер өздерінің ұлттық нұсқаулықтарын басшылыққа алады және тәуекелді бағалау негізінде тиісті шараларды қабылдайды», – деп қосты ол.

10 мамыр күні Испания және бірқатар басқа елдер MV Hondius круиздік лайнерінде хантавирус өршуіне байланысты өз азаматтарын эвакуациялауды бастаған еді. Жолаушылар арнайы рейстермен тасымалданып, карантинге орналастырылуда. Канар аралдарынан 90-нан астам адам арнайы рейстермен өз елдеріне қайтарылады деп күтіліп отыр.

Алғаш болып Тенерифеден Испания, Франция және Ұлыбритания азаматтары эвакуацияланды. Испан жолаушылары Мадридке жеткізілгеннен кейін әскери госпитальде міндетті карантинге жіберілді, ал британдықтар мен француздар тиісінше Манчестер мен Парижге жеткізілді. Операция барысында төтенше қызмет мамандары қорғаныш киімдерін киіп, арнайы санитарлық шараларды қолданды.

Сондай-ақ АҚШ, Ирландия және Түркия азаматтарын эвакуациялау рейстері де жоспарланған. Операция аяқталғаннан кейін кемеде 60 адамнан аз жолаушы қалады деп күтілуде.

Аргентинадан Кабо-Верде бағытымен келе жатқан круиздік кемеде хантавирус жұқтырған 7 жағдай анықталған, оның ішінде 3 өлім тіркелген. Бұған дейін Испания хантавирус жұқтырған кеме жолаушыларын Канар аралдарында қабылдайтыны хабарланған еді.

Хантавирус алғаш рет Израильде Шығыс Еуропадан келген науқаста анықталған. Сонымен қатар лайнерде Ұлыбританияның екі азаматы да жұқтырғаны белгілі болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирустың адамнан адамға жұғу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесустың ұлы Жүрсін Ерманның жиеніне үйленген. Ол қазаққа құда болып келеді.

 

Comments