Halyk қоры 112 қазақстандыққа қажылық сапарына жолдама табыстады

1652
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6gPtUYiREDBUOandxixnkWhoQ5fouKxjeQ8JKto0.jpg

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры еліміздің әр өңірінен жиналған 112 қазақстандыққа қажылық сапарына жолдама табыстады.

Қасиетті сапарға жолдама алғандардың қатарында ел ішіндегі қарапайым еңбек адамдары, ауыл-аймақтың ақсақалдары мен аналары, мешітте тазалықшы болып адал қызмет етіп жүрген жандар бар. Олардың көпшілігі үшін бұл сапар ұзақ жылдар бойы жоспарлап жүрген маңызды оқиға.

Жолдама иегерлерінің бірі Auyl Sport жобасының өңірлік турниріне қатысқан Жасұлан есімді баланың ата-апасы. Бала жарыс кезінде ата-апасын қажылыққа апарғысы келетінін айтқан болатын. Бұл өтінішке назар аударған қор отбасыға жолдама беру туралы шешім қабылдады.

Жоба аясындағы қор қаражаты қажылардың жол шығынына, әуе билеттеріне, Мекке мен Мәдина қалаларындағы тұрғын үй мен көлік қызметіне, тамақтануына және сапарды ұйымдастыруға бағытталған. Сапарды «Хикмет» тур операторы ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, қажылыққа жолдама алған азаматтар Қазақстанның түкпір-түкпірінен іріктелген. Олардың арасында әйелдер де, ерлер де бар. Жас ерекшелігі де, кәсібі де әртүрлі.

16 мамырда қажылар Алматы әуежайынан Мәдина мен Мекке қалаларына аттанады. Halyk қоры бұл игі бастаманы үшінші жыл қатарынан жалғастырып келеді. 2023 жылы 20 адамға, 2025 жылы 20 адамға қажылық сапарына сертификат табысталса, биыл 112 адамға жолдама табысталды.

Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы жоба туралы былай деді:

«Қажылық көп отбасы үшін маңызды, бірақ көбіне қолжетімсіз сапар. Біз бұл жоба арқылы өңірлердегі қарапайым адамдарға еңбек ардагерлеріне, ауыл тұрғындарына, күнделікті адал қызмет ететіндерге қолдау көрсетуге тырыстық. Бұл адал еңбекке деген құрмет».

Түркістан облысынан келген Байзақова Зина жолдама туралы хабарды күтпеген қолдау ретінде қабылдағанын айтты:

«Бұл мен үшін көптен жоспарлап жүрген сапар, бірақ қарапайым отбасыға оны өз қаражатына ұйымдастыру оңайға соқпайтын. Қордан хабарласқанда, алғашында сенбеген едім. Кейін бәрі расталғанда, қатты толқыдым. Қолдау көрсеткен қорға алғыс білдіремін», - деді ол.

Halyk қайырымдылық қоры ел тұрғындарына бағытталған әлеуметтік жобаларды алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.

 

Comments