Германия Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан бас тартты. Бұл туралы Бас прокуратура айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Германдық тарап оны беруден себебін көрсетпей бас тартқанын хабарлаймыз. Аталған тұлғаға іздеу жариялау тоқтатылған жоқ, қылмыстық қудалау жалғасуда. Қазіргі уақытта іс бойынша мән-жайларды анықтауға бағытталған іс-шаралар, соның ішінде шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүргізіліп жатыр»,– делінген хабарламада.
Бас прокуратура Дүйсенов ісінің мән-жайын ашып көрсетпеген.
«ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етуге жатпайды», – делінген ведомство жауабында.
Еске салсақ, 2025 жылдың қыркүйек айының басында Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланған болатын. Кейін оның Германияның Фюрт қаласында ұсталғаны хабарланған еді. Өткен жылдың қазан айында Бас прокуратура өкілдері оны Қазақстанға экстрадициялау мүмкін екенін мәлімдеген.
Мақсат Дүйсеновтің аты аталып отырған негізгі эпизодтың бірі – көп жылдан бері қоғам назарында келе жатқан «Қорғас ісі». Бұл іс Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде 2010 жылдардың басында анықталған ауқымды коррупциялық схемаға байланысты. 2011 жылдың соңында қаржы полициясы Алматы облысындағы шекара бекеттерінде жүйелі жемқорлық пен контрабанда жүріп жатқанын мәлімдеген. Тергеу деректеріне сай, бірнеше адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ жылдар бойы кеден бекетінде заңсыз әрекетпен айналысқан. Оның құрамында қылмыстық орта өкілдерімен қатар кейбір мемлекеттік орган қызметкерлері де болыпты. Бұл топ шекара арқылы тауар тасымалын кедергісіз өткізу үшін тиісті лауазымды тұлғаларға пара беріп отырған, осылайша миллиондаған доллар заңсыз табыс айналымы қалыптасқан делінеді.
Дүйсенов дауы Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры, экс-сенатор Қайрат Қожамжаровтың төңірегіндегі серіктеріне қатысты қылмыстық істің жалғасы ретінде қабылданды.
Kuanysh Yergaliev was appointed as the Vice Minister of Science and Higher Education of the Republic of Kazakhstan
