Шамамен үш айға созылған цифрлық оқшаулаудан кейін Иран жаһандық интернетке біртіндеп қайта қосыла бастады. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
БАҚ мәліметінше, елде 88 күн ішінде алғаш рет халықаралық желіге қолжетімділіктің ішінара қалпына келгені тіркелген. Алайда көптен күткен интернеттің «қосылуы» бірден жаңа кедергіге тап болып, іске сот араласты.
Иранның әкімшілік соты интернетті қалпына келтіру үдерісін бастауға тиіс болған президент жарлығының орындалуын уақытша тоқтатқан. Әңгіме киберкеңістікті басқару жөніндегі арнайы комитет құру туралы болып отыр. Билік интернетті қайта қосуды дәл осы құрылым арқылы үйлестірмек болған.
Құқықтық дауларға қарамастан, ирандық шенеуніктер қосылу процесі басталғанын айтып отыр. Байланыс министрлігі өкілдерінің сөзінше, халықаралық интернетке қолжетімділік кезең-кезеңімен ашылады, ал бір тәулік ішінде желі бүкіл ел аумағында жұмыс істеуі тиіс.
Иранның бірінші вице-президенті Мұхаммад Реза Ареф бұл жағдайды «киберкеңістікке еркін әрі реттелетін қолжетімділікке жасалған алғашқы қадам» деп атады. Ол интернеттің қалпына келуі цифрлық экономика мен онлайн қызметтердің дамуына серпін береді деп үміттенеді.
Еске салайық, Иран тұрғындарының көп бөлігі әлі күнге дейін жаһандық желіден іс жүзінде оқшау күйде қалып отыр. Мониторинг деректеріне сәйкес, елдегі цифрлық блокада 2088 сағаттан астам уақытқа созылған.
