Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған тікелей кездесу өткізу және сол кезеңде атысты тоқтату бастамасын қолдамады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
DW дерегінше, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында сөйлеген Путин қазіргі жағдайда мұндай кездесудің мәні жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесу алдымен нақты келісімдер әзірленгеннен кейін ғана нәтиже бере алады. Ресей президенті Зеленскийдің өзіне арнаған ашық хатын «дөрекілік элементтері бар қағаз» деп атап, оны тек үстірт қарап шыққанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Украина президентімен кездесуден ешқашан бас тартпағанын, алайда «нәтижесіз әңгімеге уақыт жоғалтқысы келмейтінін» жеткізді.
Форум барысында Путин Украинадағы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери қызметкерлерге де үндеу жасап, олардың қызметіне жоғары баға берді. Ол әскери қызметшілерге «Жұмысты жалғастырыңдар, бауырлар» деп үн қатты.
Бұған дейін Владимир Зеленский Путинге жолдаған ашық хатында Ресей армиясының ай сайынғы шығыны 30 мыңнан астам қаза тапқан және ауыр жараланған адамды құрайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ ол Украина дрондарының Ресей аумағындағы нысандарға соққы беру мүмкіндігі артқанын атап өтті. Украина президенті соғыстың Ресей үшін жағымсыз салдары көбейіп жатқанын айтып, тараптарға үшінші ел аумағында кездесу өткізу үшін нақты күн белгілеуді ұсынған еді.
Ал Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату үшін келіссөздерді жеделдетуге шақырып, бейбіт келіссөздерге еуропалық тараптардың да қатысуы маңызды екенін мәлімдеді.
The number of antelope in the country will be reduced by 80,000, and permission will be given to shoot them
