Атырауда бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты іс бойынша желіде пікір білдіріп жүрген азамат Түркия аумағында ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ІІМ мәліметінше, 32 жастағы ер адам Интерполдың көмегімен халықаралық іздеу барысында қолға түскен. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Желіде «Атыраулық хакер» деген атпен танылған азамат бұған дейін Атыраудағы отбасының жоғалуына қатысты түрлі болжамдарын жариялап, ықтимал күдіктілердің есімдерін де атаған. Оның жазбалары қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударған еді.
Алайда құқық қорғау органдары оның ұсталуына әлеуметтік желідегі жарияланымдарының қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, күдіктіге қатысты бірнеше алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалған. Сот шешімімен оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Сондай-ақ ведомстволар алаяқтыққа қатысты қылмыстық істің Атырау облысындағы отбасының жоғалуы мен қаза болуына байланысты тергеумен ешқандай байланысы жоқ екенін атап өтті.
The Turkic Academy commemorates the victims of Azerbaijani political repression at the ALZHIR Museum
