Анасын пышақтады деп айыпталған әйелге сот үкімі шықты

321
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Петропавл қаласында отбасылық жанжал кезінде анасын пышақтаған 34 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты. Сот шешімімен Алмагүл Қожымова 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна".

Қайғылы оқиға өткен жылдың 17 қазанында Заречный кентінде болған. Автобус аялдамасы маңынан 57 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Тергеу барысында оның өліміне туған қызының қатысы бары анықталды.

Іс материалдарына сәйкес, анасы қызының үйінде уақытша тұрған. Екеуінің арасында ақша мәселесіне байланысты жанжал туындап, соның барысында қызы анасының кеуде тұсына пышақ жарақатын салған.

Жараланған әйел оқиғадан кейін пәтерден шығып, таныстарына қарай жаяу кеткен. Алайда жолда жағдайы нашарлап, автобус аялдамасының жанында есінен танып қалған. Кейін сол жерде көз жұмған.

Іс жарты жылға жуық тергелді. Осы уақыт ішінде айыпталушы тергеу изоляторында қамауда болған. Сот отырысында ол кінәсін ішінара ғана мойындаған.

Облыстық соттың мәліметінше, сотталушының кінәсі куәгерлердің жауаптары мен сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденген.

Прокурор әйелді 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленуші тарап оған жеңілірек жаза тағайындауды өтінген.

Қылмыстық іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қаралды. Аталған бап 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сот айыпталушының жасаған ісіне өкінетінін және оның кәмелетке толмаған 13 жастағы ұлы барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Нәтижесінде әйел орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 9 жылға сотталды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Comments