Ақмола – аймақ емес, айрықша кеңістік. Бұл өңірдің табиғаты да, тағдыры да, тарихы да терең. Соңғы жылдары сол кеңістіктің жаңа тынысы ашылып, Бурабай баурайы қайта түлеп, ел назарын өзіне аударып отыр. Енді, міне, бір жылдың ішінде 2 миллион турист қабылдау межесі қойылып отыр. Бұл жай ғана статистика емес – бұл өңірдің экономикалық, мәдени және туристік әлеуетінің жаңа белесі.
Жазғы маусым – табиғаттың ғана емес, туризмнің де қызатын шағы. Осы кезеңде Ақмола облысына келушілер саны күрт артады деген болжам бар. Ақмола облысы туризм басқармасының мәліметінше, өңірге жыл ішінде шамамен 2 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде. Сол көптің бағыты тағы да Бурабайға бұрылмақ. Бұл – заңдылық. Өйткені Көкшенің көркі, Бурабайдың сұлулығы – ғасырлар бойы халық жадында сақталған, сан буынды таңғалдырған табиғи құбылыс.
Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын басқарманың баспасөз қызметі де атап өтті.

«Өңірдің туристік әлеуетін арттыру – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Биыл инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа маршруттарды іске қосу және халықаралық деңгейдегі қонақүй кешендерін ашу арқылы Бурабай курорттық аймағын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздеп отырмыз. Туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басты міндет», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгінде сол табиғи байлықты тиімді пайдалану, оны заманауи туризм талаптарына сай ұсыну – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Туристік маршруттарды жаңғырту – соның айқын көрінісі. Бұрыннан бар он бағыт қайта абаттандырылып, жаңаша сипат алды. Ал Жөкей көлі мен Ақылбай ауылы маңында ашылатын жаңа маршруттар – өңірдің туристік картасын кеңейтіп, жаңа тыныс бермек.
Бурабайдың ішкі инфрақұрылымы да түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыр. Сегіз бірдей бақылау алаңы салынды. Бұл – тек қауіпсіздік емес, табиғатты тамашалаудың мәдениетін қалыптастыру. Жаңа саябақ аймағы ашылып, демалушылар үшін 45 пикник орны жабдықталды. Велосипед жолының ұзындығы 30 шақырымнан асып, тағы 10 шақырымға ұзаруы – белсенді демалысты таңдағандар үшін үлкен мүмкіндік. Ал санитарлық-гигиеналық тораптардың орнатылуы – туризм мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Көлік қолжетімділігі – туризмнің күретамыры. Осы ретте Щучинск қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының іске қосылуы – маңызды қадам. Бұл тек ғимарат емес, бұл – өңірге ашылған жаңа қақпа. Жаңа автобус бағыттарының іске қосылуы да келушілердің жайлылығын қамтамасыз етпек.
Қонақүй инфрақұрылымының дамуы – инвестициялық тартымдылықтың көрсеткіші. Шілде айында ашылатын Mövenpick кешені мен жыл соңына жоспарланған Radisson Blu Burabay – халықаралық деңгейдегі сервистің айқын дәлелі. Dolce by Wyndham жобасының жалғасуы және Holiday Inn Resort Burabay құрылысының басталуы – өңір туризмінің жүйелі дамып келе жатқанын аңғартады.
Алдағы уақытта Бурабайдың жаңа келбетіне айналуы мүмкін жобалардың бірі – заманауи конгресс-орталық. Бұл тек туризм ғана емес, іскерлік, халықаралық кездесулердің орталығына айналу мүмкіндігін береді. Қазіргі таңда оның жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Қауіпсіздік – кез келген туристік аймақтың басты өлшемі. Бұл тұрғыда да нақты жұмыстар атқарылған. 40 полиция қызметкері мен 123 «ақылды» камерадан тұратын интеллектуалды жүйе тәулік бойы бақылау жүргізеді. Щучинск, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдеріндегі құтқару станциялары күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Осының бәрі – бір мақсатқа бағытталған жүйелі қадамдар. Ол – Ақмола өңірін Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыру. Бұл жолда табиғат пен технология, дәстүр мен жаңашылдық қатар өріліп келеді.
Бурабай – жай ғана демалыс орны емес. Ол – қазақтың табиғатпен тілдескен, рухпен үндескен мекені. Ендігі міндет – сол мұраны сақтай отырып, оны әлемге таныту. Ал 2 миллион турист – сол жолдағы алғашқы меже ғана.
