Саябақты өртемек болған шетел азаматы ауруханаға түсті

154
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Көкшетау қаласының орталық алаңында, Абылай хан ескерткіші маңында болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 12 маусымға қараған түні сағат 01:05 шамасында мас күйде болған шетел азаматы қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға қауіп төндіретін әрекеттер жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы мүлікті өртемек болған.

Алайда әрекет барысында ер адам абайсызда өзі отқа оранып, денесінің шамамен 80 пайызы күйіп қалған. Ол ауыр халде медициналық мекемеге жеткізілген.

Полицияның хабарлауынша, аталған азамат оқиғаға дейін бір күн бұрын, 11 маусымда қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ оның бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін құқық қорғау органдарының назарына бірнеше рет іліккені айтылды.

Тергеу аясында оқиғаның түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Соның бірі бойынша, шетел азаматы бұрын полиция бөлімшесіне бірнеше рет жеткізілгені үшін кек алу мақсатында саябақ мүлкін өртемек болған болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Comments