Көне түркі жазбаларын тіліне аударған тұңғыш ғалым

227
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EfbukRDP2yW1zrzNDx1AJYIbg23zY5PXeYv3Be90.jpg

Осыдан 105 жыл бұрын белгілі ғалым, профессор, филология ғылымының докторы Ғұбайдолла Айдаров өмірге келді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол 1921 жылдың 18 маусымында қазіргі Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының маңындағы Емір-Торты жерінде дүниеге келген. 1934-1935 жылдары Түрікмен КСР-інің Ташауыз қаласы педагогикалық училищесінің дайындық бөлімінде білім алған. 1935-1937 жылдары Красноводск қаласындағы Бауман атындағы техникумында оқыған. 1937-1938 жылдары Мары қаласындағы педагогикалық училищеде білім алған. Еңбек жолын ауылдағы жетіжылдық мектепте мұғалім ретінде бастаған. 1940 жылы әскер қатарына алынып, 1944 жылға дейін Ұлы отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін барлық қажыр-қайратын білім беру саласына арнаған. Қатардағы мұғалімдіктен директорлық қызметке дейін көтерілген.

1948 жылы Айдаров Шымкент оқытушылар институтын, 1952 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген. Институттың аспирантурасында оқып жүргенде көне түркі жазуларына ден қойған. 1959 жылдан Қазақстан Ғылымдар Академиясының Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болған.

Айдаров – 250-ден астам ғылыми-зертхана еңбек, оның ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтың авторы. Ол қазақтың ұлы ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Медоев, Қ.Сәтбаев жетекшілік жасаған ғылыми экспедициялар құрамында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде «Ескі түркі жазуы Орхон-Енисей ескерткіштерінде», «Білге қаған тілі», «Тоныкөк», «Құлшора», «Құтлұғ-қаған», «Мойын Чор», «Орхон-Енисей жазуларының әдебиеттер көрсеткіші», «Орхон ескерткіштері» атты зерделі еңбектер жазып, түркология ғылымына соны ой, жаңа тұжы­рымдар қосқан. Ғұбайдолла Айдаров ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген.

Ғалымның еңбектері бүгінде Берлин, София университеттері мен Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан жоғары оқу орындарында арнайы сабақ ретінде өткізіліп келеді.

Comments