Шымкент қаласында болған өрт салдарынан ауыр күйік шалған сегіз баланың анасы ауруханада қайтыс болды. Қайғылы оқиға жеке тұрғын үйде орын алған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отбасы үйінің ауласында орналасқан шағын цехта көрпе мен матрас тігіп, кәсіппен айналысқан. Куәгерлердің айтуынша, өрт алғашында мақтаның тұтануынан басталып, аз уақыт ішінде бүкіл баспанаға жайылған. Марқұмның жұбайы әйелін құтқаруға әрекеттенгенімен, жалынның күшті болуына байланысты оған жете алмағанын айтқан. Дәрігерлер әйелдің денесінің басым бөлігін күйік шалғанын мәлімдеген.
Оқиға кезінде отбасының 17 жастағы ұлы анасын жанып жатқан үйден алып шығуға тырысқан. Соның салдарынан жасөспірімнің өзі де күйік жарақатын алған. Ал үйдегі қалған жеті бала дер кезінде сыртқа шығып, аман қалған.
Қазір аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, өрттің шығу себептері мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Өрттен кейін көпбалалы отбасы баспанасыз әрі табыс көзінсіз қалған. Сонымен қатар отағасы да өрт кезінде жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Жергілікті билік пен жауапты органдар отбасыға қолдау көрсету мәселесін қарастыруда.
