Қазақстан–Қырғызстан қатынастары туралы алғашқы докторлық диссертация қорғалды

258
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LDeNuc8nEJFmqVGAAiAJWu52crhPrqdh0HZEFmGL.jpg

2026 жылғы 18–21 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің «Аймақтық қатынастарды талдау» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақ мүдделер мен ерекшеліктер» халықаралық форумы аясында маңызды ғылыми оқиға орын алды.

Форум шеңберінде алғаш рет Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты қатынастарға арналған «Геосаяси ығысулар жағдайындағы Қазақстан–Қырғызстан қатынастары: даму мәселелері мен перспективалары» тақырыбындағы докторлық диссертация сәтті қорғалды. Зерттеу жұмысы екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды халықаралық қатынастар теориясы мен қазіргі геосаяси үдерістер контекстінде кешенді түрде қарастыруымен ерекшеленеді.

Диссертациялық зерттеудің өзектілігі қазіргі халықаралық жүйедегі трансформациялар жағдайында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің мазмұны мен болашағын ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеу барысында екіжақты қатынастардың негізгі кезеңдері, олардың даму динамикасы, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, интеграциялық процестер және Орталық Азиядағы геосаяси өзгерістердің ықпалы жан-жақты талданды.

Зерттеу нәтижелері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықтың даму үрдістерін терең түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймай, екіжақты қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған ғылыми негізделген ұсыныстарды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жұмыс халықаралық қатынастар, аймақтану және Орталық Азияны зерттеу бағыттарындағы ғылыми әдебиеттер қорын толықтыратын маңызды академиялық еңбек болып табылады.

Форум аясында Қазақстан мен Қырғызстанның ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары арасында мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылып, екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Қатысушылар өңірлік зерттеулер саласындағы бірлескен жобаларды дамыту, академиялық ұтқырлықты арттыру және ғылыми ақпарат алмасуды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қатынастарын нығайтуға бағытталған ғылыми зерттеулер мен сарапшылық диалогты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

 

Comments