Жаңа Конституция. Қазақстан дамуының жаңа кезеңі

215
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/92eNbZCqH130eMAFg4RF8q1rytI4xAg70YmYAPB4.webp

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан өзінің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Ел өміріндегі бұл маңызды өзгеріс халық еркімен қабылданған жаңа Конституцияның күшіне енуімен байланысты.Жаңа Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол қоғамның мемлекет болашағына қатысты ортақ көзқарасын, тарихи тәжірибесін және ұлттық дамудың жаңа бағдарларын айқындайтын стратегиялық негіз.

Конституциялық жаңғыру қалай басталды?

Жаңа Конституция бір сәтте қабылданған шешім емес. Өзгерістер 2025 жылдың күзінде басталды. Сол кезде Президент елдің саяси жүйесін кең ауқымда жаңартуға бастамашы болып, парламенттік реформа жасауға, екі палаталы Парламенттен бір палаталы Парламентке көшу идеясын ұсынды. Алайда, осы ұсыныс аясындағы қоғамдық талқылаулар барысында қоғамның сұранысы бұдан әлдеқайда ауқымды екені және оның жекелеген мемлекеттік институттарға емес, Қазақстанның болашағына тұтас қатысты болуы тиіс екені анықталды.

Нәтижесінде, талқылау парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының шеңберінен шығып кетті. Азаматтар, сарапшылар, ғалымдар, құқық қорғаушылар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер елдің Негізгі Заңы қандай болуы керек деген мәселеге қатысты ұсыныстарын айта бастады.Сондықтан, мәселе тым күрделі бола түскендіктен, келесі қадам ретінде заңгерлерді, ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, журналистерді және т.т. азаматтық қоғам өкілдерін біріктірген 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды.

Бірнеше ай ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен түскен ондаған мың ұсыныс қаралды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет конституциялық реформа барынша ашық форматта өтті. Аталған Комиссия ұсыныстарды талқылау және әзірлеу бойынша 12 отырыс өткізді, сондай-ақ тақырыптық жұмыс топтарының қызметін ұйымдастырды. Отырыстар тікелей эфирде көрсетілді, Конституция жобаларына бүкілхалықтық талқылауға жарияланды. Ал әрбір азаматқа цифрлық платформалар арқылы өз ескертулері мен бастамаларын жолдауға мүмкіндік берілді.

2026 жылғы 31 қаңтарда жаңа Конституцияның алғашқы жобасы жарияланды. Азаматтардан түскен 12 мыңнан астам пікір мен Конституция мәтінінжетілдіру нәтижесінде Комиссия Мемлекет басшысына жобаны республикалық референдумға шығару туралы ұсыныс енгізді. Осыны басшылыққа ала отырып, Президент 2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 12 ақпанда Конституцияның толықтырылған жобасы жарияланды.

2026 жылғы 15 наурызда түпкілікті шешімді Қазақстан азаматтары республикалық референдумда қабылдады. Халық конституциялық еріктің негізгі авторы әрі қайнар көзі ретінде танылды. Осылайша Қазақстан мемлекеттілігі тарихының жаңа тарауы басталды. Оның негізін Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адам құқықтарын құрметтеу, Ұлттық құндылықтар, Білім, Инновация және Келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік идеялары құрады. Сөйтіп, Жаңа Конституция бұрынғы көмескі түрде болып келген Ұлттық идеологияның іргетасы болатындай күйге келтірілді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Халықтың еркімен республикалық референдумда қабылданған Конституция күшіне енді. Қазақстан өзінің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басады. Сондықтан бұл Конституцияны әділ түрде Халықтық Конституция деп атауға болады.

Жаңа Конституция нені өзгертеді?

Жаңа конституциялық өзгерістер көптеген негізгі бағыттарды қамтиды:

• Адам – мемлекеттің басты құндылығы;

• Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа кепілдіктерін енгізеді;

• Білім мен ғылым – стратегиялық басымдық ретінде танылады;

• Адами капиталы ел дамуының негізгі ресурсы ретінде танылады.

• Цифрлық дәуірдің құқықтары

• Жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және зияткерлік меншік алғаш рет конституциялық деңгейде көрініс табады.

• Қоғамның мемлекет басқару ісіне қатысуын мейлінше кеңейту;

Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу тетіктері кеңейтіледі.

• Экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті мәдениетін орнықтыру;

• Табиғатты қорғауды, еріктілік пен қоғамдық белсенділікті   мемлекеттік даму құндылықтары ретінде тану.

Осы мәселе бойынша, бірнеше іргелі мәселелерді атап өту керек:

Бірінші, Конституцияда «Адам құқықтары» кең мағынаға ие болды адамның нәсілдік, этностық және діни тұрғыдағы табиғи құқықтары қорғалады. Осы негізде адамға моралдік, діни, әлеуметтік түрдегі буллинг, яғни, қысым көрсетуге қоғам белсенді қарсы тұрады оған заңдық әрі этикалық тұрғыда баға бере алады.

Екінші,  «адам капиталы» тек қана ел дамуының ресурсы емес, сонымен қатар, ол заманауи құндылықтар жүйесінің басты субъектісі ретінде танылады.

Үшінші, экология мен әлеуметтік жауапкершілік – ұлттық мәдениеттің іргетасы ретіндегі құндылықтар жүйесіне айналады.

Төртінші,азаматтардың мемлекеттік істерге араласуын қолдай отырып, шынайы демократиялық және әділеттілік құндылықтарға негізделген азаматтық қоғамның іргесі орнығуы.

Жаңа Конституция – мемлекеттік басқаруды жаңарту ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі.Оның негізгі мақсаты – әділетті, құқық үстемдігі орныққан, білімге сүйенген және азаматтардың қатысуына ашық Қазақстанды қалыптастыру.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі

Конституцияның басты құндылығы – адам, оның құқықтары, бостандықтары және қадір-қасиеті. Сонымен қатар Конституция қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық құндылықтарына, заңға құрметке, әділеттілікке, халық бірлігіне, ұрпақтар сабақтастығына, еңбекқорлыққа және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікке сүйенеді.

Жаңа Конституцияда Әділетті Қазақстанның іргелі идеялары көрініс тапқан. Олар «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларымен үйлеседі. Мұнда күшті мемлекет тыйымдарға емес, азаматтардың сеніміне, заң үстемдігіне, әділ қағидаларға және әрбір адам үшін тең мүмкіндіктерге негізделіп құрылады.

Конституцияда ұлттық дәстүрлер қазіргі заманғы адам құқықтары стандарттарымен ұштасады. Жастар елдің басты стратегиялық ресурсы ретінде қарастырылады, ал білім, еңбек және жасампаздық қоғамдық табыстың негізіне айналады.

Жаңа Қазақстан Конституциясы бір күнде пайда болған жоқ және тар шеңбердегі мамандар кабинетте отырып жазған құжат емес.

Конституцияның негізгі жаңалықтары

Жаңа Кіріспе енді тек кіріспе сипатында ғана емес, мемлекеттің негізгі құндылықтарын айқындайтын бөлімге айналды. Бұрын ол көбіне мемлекеттің құрылу фактісі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын көрсетсе, енді ел дамуының дүниетанымдық негіздерін тікелей белгілейді.

Онда Ұлы даланың мыңжылдық тарихы, қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығы, халықтың биліктің жалғыз қайнар көзі әрі егемендіктің иесі екендігі, Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, бірлік, ынтымақ және этносаралық келісім идеялары көрініс тапқан.

Сонымен бірге мемлекетті дамытудың негізгі бағдарлары ретінде адами капитал – білім, ғылым, инновация және жасампаз еңбек айқындалған.

Қоғамдық келісім мен тұрақты дамудың негізі ретінде этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға ерекше мән берілген.

Ортақ құндылықтардың бірі ретінде табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық әл-ауқат үшін жауапкершілік бекітіледі.

Құндылықтарды дәл Кіріспеде бекіту – дамыған мемлекеттердің конституциялық тәжірибесіне тән құбылыс. Әлеуметтік әділеттілік, құқық үстемдігі, ынтымақтастық және тұрақты даму секілді ұғымдар осы бөлімде көрініс табады.

Егер тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Конституция мемлекеттілік фактісі мен негізгі институттарды бекітсе, қазіргі кезеңде қоғам ортақ құндылықтарға деген сұранысты алға шығарып отыр.

Шын мәнінде, жаңа Кіріспе тарихи жадының, ұлттық бірегейліктің және Қазақстан болашағына арналған стратегиялық көзқарастың көрінісіне айналды.

Адами капитал – мемлекеттің стратегиялық ресурсы

Негізгі Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – адами капиталды мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде бекіту болды.

Алғаш рет конституциялық деңгейде білім беру, ғылым, инновация және азаматтардың интеллектуалдық әлеуетін дамыту мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.

Бұл тәсіл ХХІ ғасырдағы елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білімге, технологияға және адами капитал сапасына тәуелді деген түсінікке негізделген.

Сонымен бірге Конституция білім беру кепілдіктерін сақтап, күшейтеді: мемлекет орта білім алуға кепілдік береді, ал бастауыш және негізгі орта білім міндетті болып қалады.

Конституцияда «Әділетті Қазақстан» қағидатын бекіту

«Әділетті Қазақстан» формуласы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты алғаш рет тікелей Негізгі Заңның Кіріспесінде бекітіледі.

Конституцияның Кіріспесі – оның идеялық әрі құндылықтық өзегі, барлық басқа нормаларды түсіндірудің негізгі бағытын айқындайтын бөлім.

Қандай да бір қағидат Конституцияда бекітілген кезде, ол жай ғана саяси идея болудан қалады және бүкіл заңнама мен мемлекеттік органдар қызметі үшін міндетті бағдарға айналады.

I бөлім. «Конституциялық құрылыстың негіздері»

Бөлім атауының өзгеруі оның мазмұнын дәлірек көрсету қажеттілігімен байланысты. Бұл бөлім Қазақстан мемлекеттілігінің іргелі негіздерін айқындауға бағытталған.

Сонымен бірге бөлімге:

«Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейді» деген норма енгізіледі.

Ұлттық валюта – теңге

Конституцияда ұлттық валютаның атауы – теңге және оны шығаруға (эмиссиялауға) Қазақстан Республикасының айрықша құқығы бекітілген.

Ұлттық валютаны және оны шығару құқығын Конституция деңгейінде бекіту Қазақстанның ақша егемендігін қамтамасыз етеді.

Бұл тек Қазақстан ғана теңгені шығаруға құқылы дегенді білдіреді. Мұндай тәсіл ұлттық қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға, экономикалық тәуелсіздікті қорғауға және ұлттық валютаны өзге тұлғалар мен ұйымдардың шығару мүмкіндігін болдырмауға бағытталған.

Республика қызметінің негізгі қағидаттары

Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралып, іргелі деңгейде бекітілді:

Егемендік пен тәуелсіздікті қорғау;

Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;

Заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету;

Жалпыұлттық бірлікті нығайту;

Халықтың әл-ауқатын арттыру;

– Жауапты әрі жасампаз отансүйгіштік идеясын ілгерілету;

– Қоғамдық диалогты дамыту;

– Еңбекқорлық, прогресс және білімқұндылықтарын орнықтыру;

– Ж
оғары экологиялық мәдениет қалыптастыру;

–Тарихи-мәдени мұраны сақтау;

– Ұлттық мәдениетті қолдау.

Яғни Конституция тек мемлекеттің құрылымын ғана емес, заңдар мен мемлекеттік шешімдер қабылдауда билік органдары басшылыққа алуға тиіснегізгі бағыттарды да бекітеді.

Арнайы құқықтық режим

Жекелеген өңірлерде жедел экономикалық даму мақсатында арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі қарастырылды (Алатау).

Конституция инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қажет болған жағдайда арнайы реттеу тетіктерін қолдануға құқықтық негіз қалыптастырады.

Мұндай режимдердің шекарасы тек конституциялық заңдармен айқындалады.

Осы тәсілді іске асырудың мысалы ретінде 2026 жылғы 8 мамырда «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды (2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді).

Шетелдік қаржыландырудың ашықтығы

Конституцияға коммерциялық емес ұйымдардың шетел мемлекеттерінен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардан, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан алатын қаржысы мен активтерінің қозғалысы туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс деген норма енгізілді.

Бұл норманың мақсаты – ішкі мемлекеттік үдерістерге жасырын сыртқы ықпалдың алдын алу, коммерциялық емес секторға қоғамдық сенімді күшейту және азаматтарды өз пікірін қалыптастыруға қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.

Дін мен мемлекеттің ара-жігін нақты ажырату

Мемлекеттің зайырлы сипаты нақты әрі бірмәнді түрде бекітілді.

Этникалық және конфессиялық алуандығымен ерекшеленетін қазіргі қазақстандық қоғам үшін бұл қоғамдық келісімді сақтаудың, азаматтардың дінге қатысына қарамастан теңдігін қамтамасыз етудің және діни бірлестіктердің мемлекеттік қызметке араласуына жол бермеудің берік құқықтық негізін қалыптастырады.

II бөлім. Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер

Бұл бөлім елеулі түрде қайта қаралып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» деп қайта аталды.

Мақсаты – оның мазмұны мен құқықтық реттеу пәнін дәлірек көрсету, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын конституциялық міндеттермен бір жүйеге біріктіру.

Азаматтыққа қатысты нормаларды нақтылау

Қазақстан Республикасы азаматтығы саласындағы шектеулер, сондай-ақ азаматтықты тоқтату шарттары мен негіздері нақтыланды.

13-баптың 3-тармағына сәйкес Қазақстан азаматының қос азаматтығы немесе бірнеше азаматтығы болмауы тиіс.

Азаматтың өзге мемлекеттің азаматтығына ие болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болып танылады.

Бұл норма азаматтықтың біртұтастығына қатысты құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, көші-қон және құқықтық процестердің басқарылуын күшейтеді.

Мемлекеттің келтірілген зиян үшін жауапкершілігі

Әрбір адамның мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтеуді талап ету құқығы конституциялық деңгейде бекітіледі.

Бұл мемлекет адамның алдында өз органдары мен лауазымды тұлғалары қабылдаған заңсыз шешімдер мен әрекеттер үшін жауап береді дегенді білдіреді.

Әр азамат заңда белгіленген тәртіппен келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы.

Осылайша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі.

Жеке бостандық пен қол сұғылмаушылық кепілдігі

Әр адамға жеке бостандық пен жеке басына қол сұғылмаушылық кепілдік беріледі.

Ұсталған сәтте адамға бостандығын шектеудің негіздері және оның құқықтары түсіндірілуі тиіс (шартты түрде «Миранда қағидасы»).

Процессуалдық кепілдіктерді конституциялық деңгейде кеңейту адамның негізсіз қамауға алынуынан қорғау стандартын көтереді және құқық қорғау органдарының әрекеттеріне адаммен алғашқы байланыс сәтінен бастап жоғары талап қояды.

Кінәсіздік презумпциясының қағидатын Негізгі Заңның құқықтар мен бостандықтар бөліміне енгізу оны тек қылмыстық процесс қағидаты емес, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үшін міндетті жалпы конституциялық стандартқа айналдырады.

Ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау

Адамның қадір-қасиетімен қатар оның ар-намысына қол сұғылмауына және заңмен қорғалуына кепілдік беріледі.

Бұл мемлекеттің тұлғаға құрметпен қарау және әрбір адамды оның абыройы мен жақсы атына заңсыз қол сұғушылықтан қорғау міндетін айқындайды.

Жеке өмір және цифрлық құқықтарды қорғау

Жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау кепілдіктері нақтыланды.

Бұл қорғау цифрлық технологияларды қолдану жағдайларын да қамтиды.

Алғаш рет адам құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі.

Жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау кепілдіктері цифрлық ортада пайдаланылатын ақпаратқа да тікелей қолданылады.

Бұл норма қазіргі қаржылық және цифрлық шындыққа бейімделіп, банк ақпараты мен электрондық коммуникациялар секілді сезімтал деректерді де қамтиды.

Соның нәтижесінде азаматтар мен мемлекет үшін түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптасып, құпиялылыққа араласудың шегі нақтырақ белгіленеді.

1995 жылы қолданыстағы Конституция қабылданған кезде ұялы телефон сән-салтанат саналып, интернет сирек құбылыс еді.

Ал бүгінде қазақстандықтардың көпшілігі мемлекеттік қызметтерді онлайн алады, қашықтан жұмыс істейді және жеке деректерін бұлттық сервистерде сақтайды.

Жаңа Конституция осы өзгерістерді ескеріп, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын және зияткерлік меншікті қорғауға құқықтық негіз қалыптастырады.

Зияткерлік меншікке конституциялық қорғау беру

Алғаш рет зияткерлік меншік тікелей конституциялық қорғауға ие болды.

Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігін бекіту мемлекет пен қоғам дамуының басым бағыттарымен байланысты және инновациялық дамуға, жаңа технологияларды енгізуге әрі білім экономикасын қалыптастыруға алғышарт жасайды.

Бұған дейін авторлық құқық, патенттер, тауар белгілері және зияткерлік қызмет нәтижелерін қорғау көбіне салалық заңнамамен реттелсе, енді зияткерлік меншік конституциялық-құқықтық қорғаудың дербес объектісі ретінде танылады.

Неке ұғымын конституциялық деңгейде бекіту

Конституцияда неке ұғымы нақты бекітілді.

Негізгі Заң бойынша неке – ер адам мен әйелдің заңға сәйкес мемлекетте тіркелетін ерікті әрі тең құқықты одағы.

Осылайша неке институтының құқықтық мазмұны конституциялық деңгейде айқындалып, отбасының қоғам негізі ретіндегі ерекше рөлі тағы да расталады.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан неке мен отбасыны, аналықты, әкелікті және балалық шақты қорғау маңызды әлеуметтік құндылық ретінде сақталады.

Некенің еріктілігі қағидатын бекіту әйелдердің құқықтарын қорғаудың қосымша кепілі болып саналады.

Ешкім неке қиюға мәжбүрленбеуі тиіс, ал ер мен әйелдің өзара ерікті келісімі отбасы құрудың міндетті шарты ретінде танылады.

Экологиялық мәдениет және жасампаз отансүйгіштік

Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жауапты, жасампаз отансүйгіштікті ілгерілету қағидаттарын бекіту «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарын институционалдық деңгейге шығарады.

Сонымен бірге Негізгі Заңның Кіріспесінде табиғатқа ұқыпты қарау қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде көрсетіледі.

Алғаш рет конституциялық деңгейде еріктілік қызметті мемлекеттік қолдау да бекітіледі.

Осылайша экологиялық жауапкершілік, қоғамдық қатысу және қоршаған ортаға қамқорлық мемлекет пен қоғам дамуының ұзақ мерзімді конституциялық бағдарына айналады.

Еріктілік қызметтің конституциялық мойындалуы

Конституциядағы жаңа әлеуметтік жаңалықтардың бірі – еріктілік қызметті Негізгі Заң деңгейінде бекіту.

31-бапта алғаш рет Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыруды, әлеуметтік қамтамасыз етудің өзге де нысандарын, еріктілік қызмет пен қайырымдылықты ынталандыру көзделген.

Бұл еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуға, оны мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге және азаматтарды әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге тартуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Құрылтай

Екі палаталы Парламенттің орнына жаңа Конституция бойынша бір палаталы Құрылтай құрылады.

Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы болады.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады.

Бұл сан саяси партиялардың өкілдігін кеңейту және мандаттар санын оңтайландыру тұрғысынан тиімді деп айқындалған.

Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Құрылтай депутаттары бүкіл ел аумағын қамтитын бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланады.

Бұл тәсіл партиялық жүйені күшейтуге және кәсіби Құрылтай қалыптастыруға бағытталған.

Пропорционалды жүйе саяси әртүрлілікті қолдайды.

Парламент сайлауында тек пропорционалды жүйені енгізу партиялық алаңды дамытуға ықпал етеді, ал партиялардың институционалдық күшеюі қоғамға қажетті идеялар мен жобаларды тиімдірек ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Енді халық пен мемлекет атынан сөйлеу құқығы өз құзыреті шегінде Президент пен Құрылтайға тиесілі болады.

Құрылтай институтын енгізу – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа парадигмаға өтудің белгісі.

Бұл заң шығарушы органның атауын өзгерту ғана емес, өкілді биліктің рөлін қайта пайымдау, партиялардың саяси субъектілігін күшейту және халық өкілдігі институттарын одан әрі дамыту болып саналады.

Халық Кеңесі – қоғамдық диалогтың жаңа форматы

Конституцияда мүлде жаңа алаң – «Қазақстанның Халық Кеңесі» құрылады.

Бұл халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде қарастырылады.

Халық Кеңесінің құрамына азаматтар кіреді және оған нақты өкілеттіктер беріледі:

– заң жобаларын ұсыну құқығы;

– республикалық референдум өткізуді бастамашылық ету құқығы.

Мазмұны жағынан бұл – елдің жаңа конституциялық жүйесіне енгізілген тікелей демократия тетігі.

Халық Кеңесін енгізудің мақсаты – азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту және қоғамдық сұраныстарды институционалдық деңгейде ескеру.

Бұл органның құрылуы қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және халықтың саяси процестерге қатысуы деңгейін күшейтуге бағытталған.

Жаңа конституциялық модельде халық тек биліктің қайнар көзі ретінде ғана емес, мемлекеттік даму бағытын қалыптастыруға тікелей ықпал ететін субъект ретінде де қарастырылады.

Осылайша Конституцияда ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту, құқықтар мен бостандықтарды кеңейту, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және ұзақ мерзімді ұлттық дамудың институционалдық негізін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Comments