Сел жүру қаупі бар. ТЖМ алматылықтарға ескерту жасады

502
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JfpmRUqoauqzF6E0qYeIqemeRu2T8FDe6XdHKzFP.webp

Бүгін, 1 шілдеде Төтенше жағдайлар министрлігі қатты жауын-шашынға байланысты Алматы тауларындағы Кіші Алматы өзені алабында сел жүру қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауына барудан уақытша бас тартуды сұрады.

«Сел қаупі бар аймақта келесі қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз:

• таудағы жағдай туралы ресми ақпараттарды үнемі бақылаңыз;

• сел қаупі төнген немесе сел басталған жағдайда дереу биік жерге көтеріліңіз;

• өзен арналарының, сел жүруі мүмкін сайлардың, көл бөгеттерінің үстінде және төменгі жағында шатыр тігіп демалмаңыз;

• таудың жоғарғы бөлігінде нөсер жауын жауып жатса, өзен арнасынан және қауіпті аймақтан дереу кетіңіз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!»– делінген хабарламада.

ТЖМ, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны айтылды. Министрлік мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда, сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізілуде, құтқару бөлімшелері жедел әрекет етуге дайын.

Сондай-ақ халықты жедел хабардар ету мақсатында Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылған.

«Бұл - тұрғындарға ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған алдын алу шарасы. Сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенулеріңізді сұраймыз»,— деп түсіндірді ТЖМ.

Comments