Жанармай жеткізу. Қырғызстан алты елден көмек сұрады

425
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VJLRCi3TrxoaYhs2nvYw0hj0TC9fpYmsWPKN7K5R.jpg

Қырғызстан әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыз жағдайға байланысты жанар-жағармай материалдарының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында Әзербайжанға ресми өтініш жолдады. Бұл туралы Report жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елдің Энергетика министрлігі дәл осындай өтінішті Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстанның уәкілетті мемлекеттік органдарына да жіберген. Ведомствоның мәліметінше, бұл шаралар отын жеткізілімінің тұрақтылығын сақтап, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған. Сонымен қатар жеткізілім көздерін әртараптандыру және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Министрлік қазіргі уақытта Қырғызстанда жанар-жағармай материалдарының жеткілікті қоры қалыптастырылғанын атап өтті. Жеткізілімдер бұрын жасалған келісімшарттарға сәйкес үздіксіз жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда ұсталып отыр.

Сондай-ақ Қырғызстан ЖЖМ-нің негізгі бөлігін импорттайтындықтан, әлемдік энергетикалық нарықтағы өзгерістер, оның ішінде Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс, халықаралық логистикадағы тәуекелдер және мұнай бағасының қымбаттауы елдің ішкі нарығына әсер ететіні айтылды.

Бұған дейін Report агенттігіне берген сұхбатында Қырғызстанның сол кездегі энергетика министрі Таалайбек Ибраев егіс жұмыстары мен туристік маусым кезеңінде ішкі сұраныстың артуына байланысты республика Әзербайжаннан бензин мен дизель отыны импортын айына 20–30 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Comments