Атырау қаласында жұбайын кәмелетке толмаған қызының көзінше аса қатыгездікпен өлтірген 63 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 16 наурызға қараған түні Нұрсая шағын ауданында болған. Тергеу мәліметінше, отбасылық жанжалдан кейін 58 жастағы әйел 12 жастағы қызымен бірге ұйықтап жатқан. Осы кезде ер адам асүйден пышақ алып келіп, жұбайына бірнеше мәрте соққы жасаған.
Анасының айқайынан оянған қыз әкесінен тоқтауын сұрағанымен, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның денесінен 11 пышақ жарақаты анықталған. Сот отырысында қылмыстың қызғаныш салдарынан жасалғаны белгілі болды. Айыпталушы жұбайын бірнеше жыл бойы опасыздық жасады деп күдіктеніп, оның жүріп-тұруын бақылап отырған. Алайда тергеу барысында бұл күдікке қатысты ешқандай дәлел анықталмаған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындағанымен, қылмыс жасаған сәтті есіне түсіре алмайтынын және сол кезде өз әрекетін бақыламағанын айтқан. Алайда сот-психологиялық-психиатриялық сараптама оның қылмыс кезінде өз әрекетінің мәнін түсініп, өзін-өзі басқара алатын жағдайда болғанын көрсетті.
Сот ер адамның әрекетін ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру деп танып, оны 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сонымен қатар сот шешімімен сотталған азаматтан марқұмның әпкесінің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 5 миллион теңге өндірілді.
Қайғылы оқиғадан кейін ерлі-зайыптылардың 12 жастағы қызы қамқоршылық органдарының қарауына берілген.
A trial has begun in Almaty against those who killed mentally ill people and appropriated their property
