Өз еркімен жарияланған 250 жылдық еркіндік. Президент АҚШ басшысын құттықтады

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vDRTjoDUHsABcbdZMd4CEpXmIjDQrsiFNIWFJmDR.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығының тарихи маңызына тоқталып, бұл күн америкалық халықтың бостандық, теңдік және әділдік қағидаттарына адалдығының символы екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың серпінді дамуына қосқан жеке үлесін жоғары бағалап, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Дональд Трампқа жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал АҚШ халқына бақ-береке мен өсіп-өркендеу тіледі.

Америка Құрама Штаттары бүгін ел тәуелсіздігінің 250 жылдығын атап өтуде. Осыдан тура 250 жыл бұрын, 1776 жылғы 4 шілдеде Филадельфия қаласында Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік декларациясының қабылдануы мақұлданды.

Құжатты Екінші Континенттік конгресс қабылдап, Солтүстік Америкадағы Ұлыбританияның бұрынғы 13 отары өз тәуелсіздігін жариялады. Осылайша, кейін әлемдегі ең ірі экономикалардың біріне айналған Америка Құрама Штаттары құрылды.

Мерейтойға орай АҚШ президенті Дональд Трамп Freedom 250 атты ауқымды мерекелік бағдарламаны ұйымдастыруды қолға алды. Негізгі іс-шаралар Вашингтон қаласында өтеді

Comments