Министрге қарсы «ұжымдық хат». Әбенов ақпараттық шабуыл жайлы айтты

110
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/z28oIJb4GABC62uDpsN81ZRjEr1AxVGQSwASiyPk.jpg

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына қатысты тараған «ұжымдық хат» қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы мәселеге байланысты жаңа Парламентке кандидат Мұрат Әбенов құжаттың шынайылығы мен таралу жолына күмән келтіріп, министрге қарсы ұйымдастырылған ақпараттық науқан болуы мүмкін деген пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, Президент Әкімшілігінен алынған мәліметке сәйкес, Ақордаға жолданды делінген хат ресми түрде тіркелмеген. Соған қарамастан, құжат қысқа уақыт ішінде әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат құралдарында кеңінен таралған.

«Президент Әкімшілігіне мұндай хат түспегені туралы ақпарат алдым. Сонда Президентке жетпеген хат әлеуметтік желіге қалай тарап кетті?» деген сауал қойды Әбенов.

Оның сөзінше, министрдің жұмысына сын айту мен қоғамда оған қатысты әдейі теріс көзқарас қалыптастыру – екі бөлек мәселе. Сонымен қатар, хатқа қол қойды делінген кейбір азаматтардың өздері бұл құжаттың авторы емес екенін мәлімдегені айтылды. Осы жайт депутаттың пікірінше, негізгі мақсаттың Президентке үндеу жолдау емес, министрдің беделіне нұқсан келтіру болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Әлеуметтік желіде тараған хатта Жұлдыз Сүлейменованың бірқатар қызметкерлерді жұмыстан шеттеткені негізгі сын ретінде көрсетілген. Алайда Мұрат Әбенов мұндай кадрлық өзгерістерді қалыпты басқарушылық үдеріс деп бағалайды.

Әбеновтің мәліметінше, білім беру жүйесінде шамамен бір миллионға жуық адам еңбек етеді. Оның ішінде 600 мыңнан астамы мектептерде жұмыс істейді. Балабақшалар, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары мен басқа да мекемелерді есепке алғанда, жарты жылдың ішінде бірнеше ондаған қызметкердің ауысуы қалыпты жағдай саналады.

Сондай-ақ ол тізімде көрсетілген бірнеше азаматпен жеке сөйлескенін айтып, олардың көпшілігі қызметтен өз еркімен кеткенін және ешқандай қысым көрмегенін жеткізгенін мәлімдеді.

Мұрат Әбеновтің пікірінше, министрлікке қатысты кадрлық өзгерістердің объективті себептері бар. Соңғы жылдары білім саласында түрлі заңбұзушылықтар мен мәселелердің көбейгенін атап өткен ол, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жұлдыз Сүлейменованы осы бағыттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру үшін тағайындағанын айтты.

Бұрынғы депутаттың айтуынша, министрлік жекеменшік мектептердің қызметін бақылауды күшейтіп, заңсыз лицензиялардың жолын кесу бағытында нақты шаралар қабылдап келеді. Оның пайымынша, мұндай әрекеттер белгілі бір мүдделі топтардың қарсылығын тудыруы мүмкін.

«Жұлдыз Сүлейменова еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп директорына дейін өскен, білім беру саласын жақсы білетін маман. Қазіргі қолға алынып жатқан өзгерістер бұрыннан қалыптасқан кейбір жүйелерге әсер етіп жатқандықтан, түрлі қарсылықтардың болуы заңды», – деді Мұрат Әбенов.

Comments