Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы» Жарлығын іске асыру аясында Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық әдебиетті қолдау және кітап индустриясының тұрақты дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам жасалды.
Осы мақсатта «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Меморандумның басты мақсаты – кітап оқитын аудиторияны кеңейту арқылы зияткерлік өнімге деген сұранысты қалыптастыру, ұлттық әдебиетті қолдау және Қазақстандағы кітап индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасау.
Ынтымақтастық аясында тараптар «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын бірлесіп жүзеге асырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, оқырман қауымын кеңейтуге және әдебиет пен креативті индустриялар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар форумдар, фестивальдер, көрмелер, шығармашылық кездесулер, дәрістер, семинарлар және өзге де мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жобаның басты ерекшелігі – оның ауқымы. Биыл республика бойынша 1 миллионнан астам азаматты кітап оқуға тарту жоспарланып отыр. Әрбір қатысушы 15 кітапқа дейін оқиды, ал жобаға қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарма енгізілген.
Осылайша жоба аясында 15 миллионға дейін кітап оқылымын қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл – кітапқа деген нақты сұраныстың артуы ғана емес, сонымен бірге отандық авторлар, баспалар, кітап дүкендері, аударма жобалары және шығармашылық индустриялар үшін жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына негіз болады.
«Бүгін қол қойылған меморандум – Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 наурыздағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы» Жарлығын іске асыру жолындағы нақты қадам. Бұл құжат кітап оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық әдебиетті қолдауға және Қазақстандағы кітап индустриясының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған маңызды әріптестіктің негізін қалайды. Креативті экономика шығармашылық өніммен ғана өлшенбейді. Оның негізінде идея, білім және зияткерлік меншік жатыр. Ал осы құндылықтардың қайнар көзі – кітап. Миллиондаған жаңа оқырманның қалыптасуы отандық авторлар мен баспалардың дамуына, жаңа шығармашылық жобалардың жүзеге асуына және креативті индустриялардың нығаюына тың серпін береді», – деді «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов.
Өз кезегінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков кітап индустриясының тұрақты дамуы ең алдымен тұрақты оқырман аудиториясының қалыптасуына байланысты екенін атап өтті.
«Біз авторларды, баспаларды және кітап дүкендерін қолдай аламыз. Алайда кітапқа деген тұрақты сұраныс қалыптаспайынша, саланың толыққанды дамуы мүмкін емес. Сондықтан біздің басты міндетіміз – миллиондаған азаматты кітап оқуға тарту арқылы жаңа оқырман мәдениетін қалыптастыру», – деді ол.
Тараптар серіктестік аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларды бірлесіп іске асырып, әдеби шығармашылықты қолдау, тәжірибе алмасу және мәдени-ағартушылық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады.
Қол қойылған меморандум Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығын іске асыруға өз үлесін қосып, кітап оқуға деген қоғамдық қызығушылықты арттыруға, ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттауға, интеллектуалдық капиталды дамытуға және Қазақстанның креативті индустриялары экожүйесін нығайтуға бағытталған жаңа бірлескен жобаларды іске асырудың берік негізін қалайды.


"Uly dala lodgers": The deputy said that people were forced to spend the night in front of the bank in order to get shelter
