Тұрғын апаттан кейін әкімді сотқа берді

92
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Өскемен қаласының тұрғыны «Қазмырыш» кәсіпорнында болған апаттан кейін халықты дер кезінде хабардар етпегені үшін қала әкімін сотқа берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының дерегінше, әкімдік төтенше жағдай кезінде тұрғындарды ақпараттандырудың арнайы тәртібін әзірлеуге міндеттелді. 

Талапкердің айтуынша, 2026 жылғы 5 мамырда «Қазмырыштың» металлургиялық алаңында болған жарылыстан кейін тұрғындарға апаттың қауіптілігі және мұндай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі туралы ресми ақпарат уақытылы берілмеген.

Осыған байланысты ол Өскемен қаласының әкімінен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты хабардар етудің нақты тәртібін бекітуді талап еткен. Сот талқылауы басталғанға дейін тараптар дауды бітімгершілік жолымен шешуге келісті. Келісімге сәйкес, қала әкімі 2026 жылғы 30 шілдеге дейін қауіпті өндірістік нысандардағы апаттар кезінде тұрғындарды ақпараттандырудың арнайы регламентін әзірлеп, бекітуге міндеттенді.

Құжатта тұрғындарға оқиға туралы кімнің және қандай мерзімде хабарлайтыны, ақпараттың жаңартылу тәртібі, қайта хабарлау мерзімдері, сондай-ақ ресми ақпарат таратылатын байланыс арналары мен бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану тәртібі айқындалуы тиіс.

Әкімдік бұл міндеттемені қабылдағаннан кейін талапкер өзге талаптарынан бас тартты. Осыған байланысты сот талап арызды кері қайтарды. 

Comments